Honda мен Nissan-ның холдингке бірігу әрекеті тығырыққа тірелді – Financial Times

Жарияланды 5 Ақпан 2025 14:17

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Honda мен Nissan-ның холдингке бірігу ісі тығырыққа тірелді / Фото: Х/Mtoka

Жағдайды жақсы білетін екі дереккөздің Financial Times басылымына хабарлауынша, Honda автокомпаниясы Nissan-ға өзіне толықтай тиесілі еншілес компания болуды ұсынған. Автогиганттың мұндай қадамы екеуінің холдингке бірігуін көздейтін келіссөздерге кері әсер етуі мүмкін деп топшылайды FT дереккөздері.

Тосын ұсыныс

Honda мен Nissan біріккелі жатқанын 2024 жылғы желтоқсанда ресми түрде жариялаған. Бұл екеуі біріксе, екеуінің жалпы капиталы 58 млрд доллар болып, әлемдегі төртінші ірі автогигантқа айналар еді.

Алайда қырық күн өтпей жатып-ақ бірігу жөніндегі келіссөздер тығырыққа тіреліп отыр. Себебі Honda акционерлердің, бұған қоса Nissan-ға толықтай бақылау орнатуды көксеген ішкі күштердің қысымына тап болды. Nissan-ның жағдайы мәз емес екені мәлім.

Бұған дейін Honda бірлескен холдинг құруды ұсынған болса, оның ендігі әрекеті бастапқы ойынан айнып қалғанын аңғартқандай. Екі компания холдингке біріккен жағдайда, Nissan брендін жоғалтпай, шешім қабылдау құзыретін де сақтап қалар еді.

Автонарықтағы жағдаймен жақсы таныс адамдардың айтуынша, осыған дейін өзара бәсекелес болып келген компаниялар өзара бірігу қарсаңында төл капиталы мен активтерін бағалау кезінде дауласып қалған.

Басылым мәліметінше, Honda-ның соны ұсынысы Nissan-ның топ-менеджерлерін есеңгіретіп тастады. Алайда компания түпкілікті шешімін әлі айтады, дейді дереккөздер. Директорлар кеңесінің отырысы бүгін түсте өтуі тиіс.

Күш тең емес

Өткен аптада Renault француз автокомпаниясы Nissan-ға альянстағы әріптесіне қысым көрсету арқылы өзіне тиімді шартпен бірігуге, келісөздерді ұзаққа созбауға кеңес берген.

Бастапқыда Nissan «тең тараптардың қосылғанын» көксеген, алайда дереккөздер холдинг құрылған күннің өзінде оның Honda-ға тәуелді болып қалатынын айтқан. Өйткені Nissan-ның қаржы көрсеткіштері Honda-дан бес есе аз. Осының бәрі келіссөздер барысында тепе-теңдіктің бұзылуына әсер етпей қоймайды.

Былтыр желтоқсандағы баспасөз конференциясында Honda бас директоры Тосихиро Мибэ холдинг құрылымы екі брендті де қорғау үшін қажет екенін мәлімдеген, алайда бастан-ақ Honda-ның басымдығы байқалып тұрған.

Бұған қоса Мибэ ортақ холдингке бірігу Nissan-ның қайта құрылымдау жұмыстарын аяқтағаннан кейін ғана, жүзеге асатынын ескерткен. Ол үшін компания өндіріс қуатын 20 пайызға азайтып, 9 мың жұмыс орнын қысқартуы керек.

Nissan мен Honda сәрсенбі, 5 ақпандағы мәлімдемесінде бастапқыда қосылу процесін қаңтардың аяғында аяқтауды жоспарлағанын, бірақ оны ақпанның ортасына қалдырғанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз