Жаңалықтар

Қазақстанда енді адам аңдығандар жауапкершілікке тартылады. Сталкинг жасағандарды қандай жаза күтіп тұр?

Сталкинг үшін енді айыппұл салынады / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда енді адамды аңдып, қорқытатындар қылмыстық жазаға тартылады. Қылмыстық кодекске сталкинг ұғымы енгізілуі мүмкін. 

Қорқыту, аңду сынды әрекет жасаған сталкерлерге айыппұл салынады, алайда қамауға алынбайды. Мұндай норма қылмыстық-атқару және қылмыстық іс жүргізу кодекстерін оңтайландыру жөніндегі заң жобасына енгізіліп, жұмыс тобы мақұлдады. Келесі аптада құжат палатаның қарауына берілді.

Сталкинг ауыр қылмысқа жата ма?

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, сталкинг  бірден ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар қатарына қосылмайтынын айтады.

«Мақсатымыз – азаматтарды бұл норма бойынша бірден соттап, түрмеге тоғыту емес. Бұл ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізіліп отырған норма. Бұл жерде насихат жұмысын да кеңінен жүргізуіміз қажет. Өйткені азаматтар жаңа жауапкершілік енгізіліп жатқанынан бейхабар болуы мүмкін. Жалпы қылмыстық жауапкершілікке қатысты өте абай болуымыз қажет. Әсіресе, жаңа нормаларды енгізген кезде»,— деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Депутаттың айтуынша, Германия, Канада сияқты елдерде сталкинг ауыр қылмыс түріне жатады. Заң жобасына енгізбес бұрын сол елдердің тәжірибелері зерттелген. Абзал Құспан заң жобасы қабылданса, сталкерлерге қатаң жаза қолданылмайтынын айтты. Олар тек айыппұлмен шектелуі мүмкін.  

«Біз сталкингті бірден ауыр қылмыс деп қабылдауға абай болуымыз керек деп есептейміз. Өйткені ол жаңадан енгізіп жатқан норма. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізіп жатырмыз. Кейін тергеу және сот тәжірибесін зерттеу барысында қайталанған жағдайда оны ауырлату мәселесі қарастырылуы мүмкін», —  деп толықтырды мәжілісмен.

Депутаттың түсіндіруінше, ең алдымен, жәбірленуші ішкі істер органдарына арыз-шағым түсіруі керек. Содан кейін ішкі істер органдары тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Сталкинг деген не?

Сталкинг – бұл адамды жүйелі түрде аңду, оның жеке өміріне заңсыз араласу, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету әрекеті. Бұл әрекеттер жәбірленушінің қорқыныш, мазасыздық сезімін тудырып, оның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді.

Сталкингке мыналар жатады:

  • Қудалау мақсатында қайталанатын қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желілерде бақылау жасау;
  • Адамды аңду, оның жүріс-тұрысын бақылау;
  • Үйіне немесе жұмыс орнына келіп, онымен байланысуға мәжбүрлеу;
  • Қорқыту немесе қоқан-лоқы көрсету.