The New York Times-тың жазуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ-тағы сауда балансының тапшылығы рекордтық деңгейге – 1,2 трлн долларға жетті.
Доллардың күшеюі экспорттың өсуін тежеп, импортқа деген сұранысты арттыруда.
Сауда министрлігінің сәрсенбіде жариялаған деректеріне сүйенсек, АҚШ-қа бағытталған импорт 6,6%-ға өсіп, 4,1 трлн долларға жеткен. Экспорт та тарихи рекордқа жақындап, 3,2 трлн долларға тең болды.
Бұған америкалық бизнес және қаржылық кеңес беру қызметтері сатылымының жақсаруы, сондай-ақ шетелдіктердің АҚШ-қа жасаған сапарларына жұмсаған шығындарының артуы ықпал еткен.
Дегенмен, тауар экспорты баяу өсіп жатыр. Доллардың күшеюі АҚШ өнімдерін шетелдік сатып алушылар үшін қымбаттатып, автомобильдер, қосалқы бөлшектер, өнеркәсіптік тауарлардың сатылымын азайтты. Тек мұнай экспорты айтарлықтай өсіп, саладағы профицит 44,9 млрд долларға тең болды.
Жалпы тауарлар мен қызметтер балансының тапшылығы 17%-ға артып, 918,4 млрд долларға жетті. NYT атап өткендей, Дональд Трамп сауда тапшылығын АҚШ экономикасының әлсіздігінің белгісі деп санайды. Сондықтан бұл мәліметтер оның жаңа сауда шектеулерін енгізуіне негіз болуы мүмкін.
Жуырда АҚШ доллары соңғы жиырма жылда болмаған рекордтық шамада нығайған болатын. Бұған Трамптың жаңа салық саясаты әсер етіп отыр.