АҚШ қор биржалары 5 ақпан күні кейбір технологиялық алпауыттардың көңіл көншітпейтін есептеріне қарамастан, өсіммен жабылды деп хабарлады Bloomberg. Негізгі салалардың көпшілігіндегі өсім big tech секторындағы нашар көрсеткіштерді басып озды: Dow 0,71%-ға, Nasdaq 0,19%-ға, S&P 500 0,39%-ға көтерілді.
Алайда «Таңдаулы жетілік» индексі Alphabet (-7%) және Advanced Micro Devices (-6,2%) компаниялары есебінің нашарлығынан 1,8%-ға төмендеді. Ал Nvidia керісінше 5,35%-ға өсті. Трейдерлер ІТ-алпауыттардың әлсіз есептеріне назар аудармай, компания акцияларының шектен тыс жоғары бағаланғанын елемей отыр.
Nationwide сарапшысы Марк Хакеттің пікірінше, 2025 жылдың алғашқы апталары инвесторларға нарықтың күтпеген жерден құбылуы мүмкін екенін ұқтырғандай болды.
«2022 жылдың соңынан бергі тұрақты табыс кейбір инвесторлардың қырағылығын бәсеңдетті. Жыл сайын нарықта 5-10% аралығында үш рет құлдырау болатынын да естен шығармау керек», – дейді Марк Хакетт.
Ал аты аңызға айналған биржалық алыпсатар Джим Чанос алдағы 6-12 айда АҚШ нарығын қандай қауіптер күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды деп есептейді. Оның айтуынша, нарыққа DeepSeek оқиғасы сияқты күтпеген жайттар әсер етеді. Мәселен, бұл жағдай кезінде нарықта 1 трлн доллар көлеміндегі түзету орын алған еді.