Жаңалықтар

Жол азабын тартқандар үшін жағымды жаңалық. 2025 жылы бірқатар жол жөнделеді

2025 жылы бірқатар жол жөнделеді/Фото: kursiv.media мұрағатынан

Көлік министрлігі биылғы жол құрылысы маусымында 13 мың шақырым жолда құрылыс пен жөндеу жұмыстары басталатынын хабарлады.

Атап айтқанда, ұзындығы 2,2 мың шақырым жолда салу және қайта жаңарту, 6,6 мың шақырым жолда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Жергілікті маңыздағы 4,2 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырымды құрайтын, құрылысы осы кезге дейін басталып кеткен «Қалбатау – Майқапшағай», «Күрті – Қонаев», «Қызылорда – Жезқазған» және «Ұзынағаш – Отар» күре жолдарында жұмыс жалғасады.

Төрт жолақты жолдар

«Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» жобаларының құрылысын бастау көзделген. Олардың жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асады.

Орташа жөндеу

Биыл 6,6 мың шақырым жолда орташа жөндеу жүреді. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5 мың шақырым жолға көп. Өткен жылы орташа жөндеу жұмыстары басталған «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз» сияқты ірі жобаларда жұмыстар жалғасады. 

Биыл бұдан өзге «Қарабұтақ – Рудный – Қостанай», «Атырау – Орал» және «Астана – Қорғалжын» автожолдарының учаскелерін қоса алғанда, ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары басталады.

Министрлік жергілікті маңызы бар жол инфрақұрылымын дамыту да басымдыққа ие екенін айтады. Өңірлерде жергілікті маңызы бар жалпы ұзындығы 4,2 мың шақырымды құрайтын жолдарды жөндеу жоспарланған. Олардың қатарында «Атырау – Форт – Шевченко», «Түркістан – Шәуілдір», «Чапай – Сайқын» жолдары, сондай-ақ Семей қаласындағы көпірдің құрылысы бар.

Қазақстанда автожолдардан бөлек темір жол да күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Елдегі темір жолдардың жартысынан астамы тозып тұр.