Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Кәрімованың активтерінен 182 млн доллар қайтарады
Өзбекстан үкіметі мен Швейцарияның Федералдық кеңесі «Тәркіленген активтерді бөлу туралы келісімге» қол қойды. Бұл келісім аясында бұрынғы президент Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімованың тәркіленген активтерінен шамамен 182 миллион доллар Өзбекстанға қайтарылады. Бұл туралы Өзбекстан Әділет министрлігінің Telegram-арнасы хабарлады.
Құжатқа Өзбекстанның әділет министрі Ақбар Ташқұлов пен Швейцарияның Ташкенттегі елшісі Константин Оболенский қол қойған.
«Келісім аясында Өзбекстанға шамамен 182 миллион АҚШ доллары қайтарылады. Бұл қаражатты Өзбекстан Республикасының кейбір азаматтары заңсыз иемденген және 2012 жылы Гүлнара Кәрімоваға қатысты қозғалған қылмыстық іс шеңберінде Швейцария Бас прокуратурасы толық тәркілеген», – делінген хабарламада.
Қаражат БҰҰ-ның Uzbekistan Vision 2030 көпжақты траст қоры арқылы қайтарыламақ.
Бұл қор 2022 жылдың жазында Гүлнара Кәрімованың Швейцарияда тәркіленген активтерін қайтару мақсатында құрылған. 2024 жылдың тамызында Өзбекстан мен Швейцария $131 млн қайтару туралы келісімге қол қойған болатын. Жаңа келісімнің арқасында қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы $313 миллионға жетті.
Гүлнара Кәрімова
Гүлнара Кәрімова 2015 жылдың тамызында бопсалау және салық төлеуден жалтару бойынша сотталған. 2017 жылдың желтоқсанында оған басқа қылмыстық іс бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2020 жылдың наурызында Ташкент қалалық соты қылмыстық топ құру, бопсалау және қаржы жымқыруға байланысты жаңа іс бойынша оның жаза мерзімін 13 жыл 4 айға дейін ұзартты.
Бұған дейін Гүлнара Кәрімовамен түрмеде бірге отырған келіншек экс-президенттің қызы колонияда бүлік шығарғанын хабарлаған.