![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/1528110405_article_b.jpeg)
Педагогикалық жоғары оқу орындары түлектерінің 45%-ы ғана шекті деңгейден өте алған. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің дәстүрлі алқа отырысында министр Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz басылымы.
Министрдің сөзінше, 7 653 педагогикалық ЖОО түлегінің тек 45%-ы ғана білімін бағалау кезінде 50% шекті межеден өте алған. Ал жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің біліктілігінде олқылықтар анықталған.
Мәселен, «Мақсатты мектептер» жобасы аясында биология, информатика, ағылшын және қазақ тілі пәндері бойынша жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің біліміндегі кемшіл тұстар шыққан.
«Бұл пәндік білімнің айтарлықтай кемшіліктерін көрсетіп, педагогикалық мамандықтар бойынша кадр даярлайтын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын шұғыл қайта қарауды талап етеді», – деді министр.
Өрлеу орталығына жаңа міндеттер
Ғани Бейсембаев осыған байланысты «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығына педагогтардың біліктілігін арттыруды түбегейлі қайта қарауды тапсырды.
«Білім беру саласындағы қазіргі талаптар мен тенденцияларға сәйкес педагогтердің біліктілігін арттыру тәсілдерін қайта қарау және курс бағдарламаларын жаңарту қажет. Себебі білім сапасы мұғалімдердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Еліміздің үздік педагогтерімен тәжірибе алмасу және жас мұғалімдерге шеберлік сыныптарын өткізу мүмкіндіктерін қарастыра отырып, оларға курстан кейінгі кәсіби қолдау көрсету маңызды» деп атап өтті оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қаңтар ҰБТ-сы жүріп жатыр. Қысқы ҰБТ-ның аралық қорытындысына сай, қазақ тілінде тест тапсырғандар үлесі елеулі артып, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіштер тіркелген.