Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату туралы жоспары қашан жарияланатыны айтылды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату туралы жоспары/Фото: Getty images

АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы үш жылға таяған соғысты тоқтату туралы жоспары қауіпсіздік конференциясында ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Қайда әрі қашан

Басылым мәліметінше, Трамп жоспарын Германияның Мюнхен қаласында келесі аптада өтетін қауіпсіздік конференциясында жариялауды көздеп отыр.

АҚШ президентінің Украина және Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлогг Трамп жыл сайынғы конференцияда сөз сөйлеуге ниетті екенін растаған.

Шарттары

Bloomberg дереккөздер дерегіне сүйеніп, жоспар қақтығысты қазіргі түйісу сызығы бойынша уақытша тоқтатып, Украинаның Ресей басып алған кей бөліктерінің жағдайын белгісіз күйде қалдыруы мүмкін екенін жазды. Бірақ Украинаға Мәскеудің қайта шабуыл жасауына қарсы қауіпсіздік кепілдіктері берілуі мүмкін екені айтылды.

«Ал Украинаның қарсы шабуылы кезінде басып алынған Ресейдің Курск облысындағы кейбір аумақтардың тағдыры әлі белгісіз» деп жазды басылым.

Ресейге ескерту

Трамптың жоспары оның әкімшілігі бұрын айтқан «Күш арқылы бейбітшілік» идеясының жалғасы мүмкін. Бұған дейін АҚШ президенті Мәскеуге Киевпен бейбіт келіссөздер бастамаса, жаңа санкциялар салатынын ескерткен.

Трамптың бұл ескертуі Ресей экономикасына біршама қиындық әкелетіндіктен, Путин шындап алаңдап, «соғыста алға қойылған мақсат орындалғанын» мәлімдеу арқылы келіссөзге келісу райын байқатқан.

Сондай-ақ оқыңыз