Жастарға жалға берілген пәтерлердің мерзімі аяқталды. Пәтерді алып қалуға бола ма

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
ипотека
Жастарға жалға берілген пәтерлер / Фото: kursivmedia мұрағаты

2019 жылы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында іске қосылған «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша тапсырылған пәтерлерді жалдау мерзімі аяқталды. Қазіргі уақытта әкімдіктер пәтерлерді ары қарай не істейтінін талқылап жатыр.

Пәтер жастарда қала ма

Бағдарлама шарттарына сай, пәтерлер тек жалға берілетіні о бастан айтылды. Жалдау мерзімі бастапқыда 5 жыл еді, кейін 3 жылға дейін төмендетілді. Жалдау мерзімі аяқталар тұста пәтерде тұрып жатқандар жергілікті әкімдіктерден үйді өздеріне сатып алуға мүмкіндік беруін сұрай бастады. Олардың үні Мәжіліске дейін жетіп, депутат Дәулет Мұқаев пәтерлерге сатып алу құқығын енгізуді сұрап Үкімет басшысының атына екі мәрте депутаттық сауал жолдады. Алайда әзірге Үкімет те, жергілікті әкімдіктер де пәтерлер сатылмайтынын айтып келеді.

Жастар енді не істейді

Жергілікті әкімдіктер пәтерді жалға алған жастарға өңірлік бағдарламаларға қатысуды ұсынып отыр.

Астана

Астана қаласының әкімдігі жұмысшы жастар «Елорда жастары» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алғанын хабарлады. Мұнда пәтерлерді жалға алу шартының мерзімі наурыз айында аяқталады.

Әкімдік жаңашылдық аясында жас шектеулері мен мамандыққа қойылатын талаптарды алып тастағанын жеткізді.

«Қазір олар үшін басты шарт – төлем қабілеттілігін банк арқылы растау. Егер табыс жеткіліксіз болса, бірлескен қарыз алушыларды тарта аласыз. Жұмыс істейтін жастар санатындағы негізгі жұмыс берушінің тұрақты табысы болмаған жағдайда, несие алуға өтініш беруге жұбайының қатысуы рұқсат етіледі», – деп хабарлады Астана тұрғын үй орталығы.

Төлем қабілеттілікті растау елордалық Тұрғын үй орталығында жүзеге асады.

Алматы

Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мәселеге байланысты толыққанды шешім шықпағанын айтады. Алайда мұнда да жұмысшы жастарға «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беріліп отырғанын, олар үшін арнайы санат ашылғанын мәлімдеген.

Алматыдағы жастардың жалға алу шарты 2024 жылғы желтоқсанда аяқталған. Десе де басқарма мәселе бойынша толыққанды шешім шыққанша, пәтерде тұра тұруға мүмкіндік беріп отыр.

Шымкент

Шымкент қаласы әкімінің өкілі Kursiv.Media тілшісіне аталған мәселе бойынша шешім жуырда қабылданатынын жеткізді.

Өңірлік бағдарламалар

Астана мен Алматыдағы жастарға арналған ипотекалық бағдарламаның талаптары ұқсас.

Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-ы;

Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 5% ;

Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн. теңге;

Қарыз мерзімі – 19 жыл.

Шымкентік жастар QAMQOR бағдарламасына қатыса алады. Ол жерде де бастапқы жарна – 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме – 6 пайыз. Бірақ қарыз сомасы көбірек – 20 миллион теңге. Несие 25 жылға дейін беріледі.

Үш бағдарлама бойынша үйді алғашқы нарықтан да, қайталама нарықтан да таңдауға болады.

Сондай-ақ оқыңыз