Биыл «Астана» халықаралық форумын өткізуге 4,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл форумды өткізуге бюджеттен қаржы қарастырылып қойған. Десе де Жұманғарин демеушілер қол ұшын береді деген үмітте.
Оның айтуынша, мұндай форумдарды өткізу ел имиджін көтеру, шетелден инвестиция тарту үшін қажет.
«Форумды өткізуге жалпы 4,5 миллиард теңге жетеді. 1,5 миллиард теңге қазынадан, қалғаны демеушілерден тартылады», – деді Жұманғарин.
2024 жылы Астана халықаралық форумы бюджет шығынын қысқарту мақсатында өтпеген. Ал 2023 жылы өткізілген форумға 1 млрд теңге жұмсалған. Биыл форум 29-30 мамыр аралығында өтеді.
«Қазіргі уақытта дәл осындай форумдар қажет деп есептейміз. Бізге инвесторларды тарту керек. Бүгін бюджет реформасын аяқтадық, алда салық реформасы тұр. Қаржы жағдайымызды тұрақтандырамыз. Бүкіл қаражат дамуға бағытталады деп айтар едім. Сондықтан ертең «Бізге кім келеді? Біз кіммен бірге инвестиция жасаймыз және қосымша инвестиция тартамыз?» деген сұрақ туындайды. Біз жабық мемлекет бола алмаймыз», – деді ол.
Қазақстанның бюджет тапшылығы
2024 жылы бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрады. Ал мұнайға қатысы жоқ тапшылық 10 трлн теңгеден асып кеткен. Қазынада қаржы тапшы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметке артық шығынды қысқартып, «көрпеге қарай көсілуді» тапсырды.