Илон Маск АҚШ үкіметінде қаржыны қалай қысқартып жатыр

Жарияланды 6 Ақпан 2025 17:35

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Илон Маск АҚШ үкіметінде қаржыны қалай қысқартып жатыр / фото: reuters

Илон Маск АҚШ үкіметіндегі алғашқы екі аптасында өзінің командасымен бірге қаржылық деректерді зерттеп, тыңбай жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы New York Times хабарлады.

Маск жұмысқа кіре салысымен USAID-ті (АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі) жабуға асықты. Сонымен қатар, федералды қызметкерлерді «жалқау» деп айыптап, олардың орнын жасанды интеллектімен ауыстырмақшы.

New York Times мәліметінше, президент Дональд Трамптың қолдауымен Маск федералды бюрократияға қарсы күрес жүргізіп жатыр, бұл әрекеттер мемлекеттік басқару жүйесіне елеулі өзгерістер әкеледі деп күтіліп отыр.

Илон Масктың биліктегі ықпалы

Масктың командасы Конгресс билігін сынап, азаматтық қызметті қорғау заңдарын бұзатын әрекеттерге де барды. Қаржы министрлігі мен USAID (АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі) сияқты негізгі органдарда басшылыққа қарсы шыққан жоғары лауазымды шенеуніктер қызметтерінен босатылды.

Масктың USAID-ті тарату әрекеті жаһандық деңгейде үлкен резонанс туғызды, себебі бұл агенттік әлемнің көптеген елдеріне гуманитарлық көмек көрсетумен айналысатын негізгі құрылым саналады.

Трамп әкімшілігі Маскқа федералды үкіметтегі «терең мемлекетті» жою миссиясын орындау үшін үлкен өкілеттік берді. Оның бұл әрекеттері мемлекеттік жүйеде бұрын-соңды болмаған жеке тұлғаның ықпал етуінің көрінісі болып отыр.

Тіпті Ақ үйдің жоғары лауазымды қызметкерлері де Масктың іс-әрекеттерінен бейхабар қалған кездер болды. Ақ үйдің шенеуніктері оның дербес жұмыс істейтінін және оны бақылау мүмкін емес екенін мойындады.

Жаңа агенттіктер және қызметкерлерді қысқарту

Маск үкіметтің цифрлық қызметтер бөлімін өз бақылауына алып, оны «United States DOGE Service» деп өзгертті. Ол сондай-ақ, АҚШ-тың адам ресурстарын басқару агенттігіне және мемлекеттік төлемдер жүйесін біріктірді.

USAID-ті жою процесін тездету мақсатында Масктың командасы агенттікке тиесілі деректер жүйелерін бұғаттады. Бұған қоса, Маск АҚШ-тың мемлекеттік жылжымайтын мүліктерін басқаратын GSA (General Services Administration) агенттігінің бюджетінің 50%-ын қысқартуды жоспарлап отыр.

Шенеуніктерге «психологиялық қысым»

Масктың командасы федералды қызметкерлерге психологиялық қысым көрсетіп, оларды жұмыстан шығуға итермелеп отыр. Мемлекеттік қызметкерлерге жіберілген электрондық хаттардың бірінде «Fork in the Road» (Жол айрығы) деген тақырып болды, бұл Масктың 2022 жылы Twitter қызметкерлеріне жіберген хатындағы тактиканы еске түсіреді.

Масктың адамдары USAID кеңселеріне кіріп, қаржылық және кадрлық жүйелерге қол жеткізді. Нәтижесінде 60-тан астам жоғары лауазымды қызметкер еңбек демалысына жіберіліп, жүздеген келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер жұмыстан босатылды.

Конгресс пен демократтардың реакциясы

Демократтар мен мемлекеттік бақылау ұйымдары Масктың әрекеттерін заңсыз деп есептеп, оған қарсы төрт сот ісін қозғады. Сенатор Чак Шумер қаржы министрлігінің төлем жүйесіне Илон Масктың адамдарын кіргізуге заңдық тосқауыл қою туралы ұсыныс жасады.

«Маск Конгресс пен сот жүйесі әрекет еткенше, бүкіл үкіметті өз бақылауына алады», – деп мәлімдеді Шумер.

Маск өзінің Twitter-де жариялаған жазбаларында мемлекеттік қызметкерлерді «жау», ал USAID-ті «зұлым агенттік» деп атады.

Масктың мақсаты қандай?

Маск үкіметтің жұмысын түбегейлі өзгертуді көздейді. Оның негізгі мақсаты – федералды бюджетті қысқарту және мемлекеттік аппаратты мүмкіндігінше кішірейту.

Трамп әкімшілігі оған шексіз өкілеттік бергенімен, президенттің өзі кейбір мәселелерге алаңдаушылық білдірді.

«Илон ештеңені біздің рұқсатымызсыз жасай алмайды. Егер қайшы келетін жағдай болса, біз оны тоқтатамыз», – деді Трамп.

Дегенмен, Илон Масктың әрекеттері АҚШ үкіметіндегі билік құрылымын айтарлықтай өзгертіп, демократияның болашағына қатысты алаңдаушылық тудырып отыр.

«Бұл – мемлекеттік институттардың күйреуінің белгісі», – деді тарихшы Дуглас Бринкли.

Масктың федералды үкіметке жасаған экспансиясы қазірдің өзінде әлемдік саясат пен экономикаға әсер етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз