Ерболат Досаев кәсіпкерліктен мемлекеттік қызметке қалай келді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ерболат Досаев мемлекеттік қызметке қалай келді? / фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев – тәжірибелі экономист, кәсіпкер және шенеунік. Әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Алайда мансабында жанжалдар мен даулы жағдайлар аз емес.

Жеке өмірі мен отбасы

Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамыр күні туған. Жұбайы – Гүлнара Досаева кәсіпкерлікпен айналысады, сән әлеміне жақын және қайырымдылық шараларына белсенді қатысады. Жұбайы «G and G Гламур» (люкс брендтердің дистрибьюторы), «РТС ДЕКО» (сыртқы жарнама қызметтері) компанияларында үлеске ие және «Дара» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. Сонымен қатар, Досаевтың үш баласы бар: Айтоты (2000 ж.), Нұрлан (2003 ж.), Айни (2012 ж.).

Кәсіпкерлік және бизнес әлеміндегі достары

Досаев жас кезінен іскерлік ортамен тығыз байланыста болды. Ол мектептен бастап кәсіпкерлер Берік Қаниев, Юрий Пак және Нұрлан Қаппаровпен дос. Бұл төрттік 2000-жылдары өздерінің әртүрлі кәсіптерін біріктіріп, Lancaster Group холдингін құрды. Олардың әрқайсысы холдингтің 25%-ын иеленді. Сонымен қатар, олар Қазинвестбанк акцияларының 10%-дан астамына иелік етті.

Алайда, мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты Досаев өзінің бизнес активтерін серіктестері Қаниев пен Пактың сенімді басқаруына өткізді.

Кәсіби жолы

Ерболат Досаев еңбек жолын 1993 жылы «Искер» компаниясында менеджер болып бастады. Кейін «Вега» және «Фирма Акцепт» ЖШС-де басшылық қызметтер атқарды. 26 жасында «Туран-Алем Банкі» басқарма төрағасының орынбасары, ал араға жарты жыл салып АТФ Банктің төрағасы атанды.

1998 жылы мемлекеттік қызметке келіп, премьер-министр кеңесшісі, Энергетика және Қаржы вице-министрі, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы болды. 33 жасында Қаржы министрі болып тағайындалды және Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) басқарушысы қызметін атқарды.

Даулы жайғдайлар мен отставкалар

Ерболат Досаевтың мемлекеттік қызметі түрлі жанжалдармен есте қалды.

2006 жыл – Шымкенттегі медициналық дағдарыс

Досаев Денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде Шымкентте 149 баланың ВИЧ инфекциясын жұқтыруы үлкен қоғамдық наразылық тудырды. Бұл қан құю кезінде стерильділік талаптарының сақталмауынан орын алған. Бұл оқиға министрдің отставкаға кетуімен аяқталды.

2013 жыл – Қашаған дауы

Ұлттық экономика министрі кезінде Каспийдегі Қашаған кен орнында апат болып, мұнай өндіру тоқтатылды. Бұл апатқа Досаевқа тиесілі компанияның құбырлар сапасының төмендігі себеп болған деген пікірлер айтылды.

2016 жыл – Жер дауы

2016 жылы Ұлттық экономика министрі қызметінде жүріп, Досаев Қазақстандағы жер мәселесіне байланысты халық наразылығына тап болды. Осы себепті ол қызметінен өз еркімен кетуге мәжбүр болды.

Қаржылық даулар

2019 жылы Bloomberg агенттігі Досаев пен серіктестерінің KazMunayOnim компаниясы арқылы Қазкоммерцбанктен 20 млн доллар көлемінде несие алғанын хабарлады. Алайда компания 13,2 млрд теңге қарызды өтей алмай, банк активтерді тәркілей бастады. 2014 жылы Forbes Досаевтың байлығын 110 млн доллар деп бағалап, оны Қазақстандағы ең бай 50 адамның қатарына енгізген.

Алматы әкімі ретінде қызметі

2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін Алматы әкімі болып тағайындалған Ерболат Досаев қаланы дамытуға бағытталған реформалар жүргізді. Алайда, оның басқаруында қоғамдық көлік сапасының төмендеуі, көшелердің жарықтандырылмауы және тығыз құрылыстарға қарсы халық наразылығы жиі көтерілді. Қала тұрғындарымен тікелей байланыс орнатуға тырысқанымен, халықпен көп жағдайда дөрекі сөйлеген тұстарымен есте қалды.

Сондай-ақ оқыңыз