![Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді – Тоқаев бюджет шығындары туралы](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/2025-budget-expenditures.png)
Сенатта Ұлттық экономика министрлігі Бюджет кодексінің негізгі ережелерін таныстырды. Сенатор Бекбол Орынбасаров кодекстің елдің тұтас қаржы жүйесін реформалауға жол ашатынын айтты.
Сенатордың айтуынша, осыған дейін Кодекске жекелеген түзетулер енгізіліп келген. Алайда бұл өзгеріс елдегі бюджет жүйесінің балансына оң әсер етпеген. Керісінше, теріс тұстары болған.
«Осыған байланысты бюджет саясатын біріздендіру және оған тың серпін беру қажеттілігі туындағаны рас. Әсіресе, қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, бюджетке үнемшіл және жауапты ұстаныммен қарауға басымдық беру маңызды болды. Осыған сәйкес ең басты міндет ретінде бюджет жүйесінің біртұтастығын қамтамасыз етуге мән бердік. Аталған міндет аясында Бюджет кодексінің негізгі бағыттары айқындалды», – деді ол.
Президент бастамасымен Үкімет резервіне шектеулер енгізіледі
Кодекске сәйкес 1 желтоқсанға дейін орындалмау қаупі бар шығыстардың пулын айқындау және Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсынысы негізінде бюджетті түзетусіз жаңа қаржы жылында пайдалану үшін алдағы жоспарлы кезеңге арналған Республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулыға қосу ұсынылған.
Сонымен бірге Үкімет резервінен қаражаттың қомақты сомасын сақтау және оларды пайдалануға қатысты сынның көбейгеніне байланысты Президент бастамаларына арналған резервтің мөлшерін 1,5-тен 3%-ға, Үкімет резервін – кірістің 3%-на дейін, ал жергілікті атқарушы органдарға – кірістің кемінде 2%-ына шектеулер белгіленген. Жыл соңында ондағы қаражатты пайдалануға қатысты есеп берілу талап етіледі.
Мемлекеттік органдардың даму жоспарын 3 жылға бекіту
Қолданыстағы Бюджеттік кодексінен стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысына кедергі келтіретін тұстар анықталған. Нәтижесінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттары сәйкес келмей, ылғи бюджет қаражаты тапшылығы туындауына әкелетін жағдайлар жиілейді.
«Мәселені шешу үшін түзетілген бюджетке нысаналы индикаторларды «түзетуді» алып тастап, мемлекеттік органдардың 3 жылға арналған даму жоспарларын бекіту ұсынылады. Енді бюджеттік бағдарламалар даму жоспарларының көрсеткіштері мен нақты бөлінген бюджет қаражаты көрсеткіштері арасындағы айырмашылықты көрсететін болады», – дейді Орынбасаров.
Бюджет параметрлері қайта қаралады
Сонымен бірге бюджетке «Мемлекеттік қаржыны басқаруға» жаңа тарауын енгізу көзделген. Бұл тарауды енгізуге Ұлттық қордан алынатын қаражатты және мемлекеттік қарыз мөлшерінің ұлғайып кетуі, бюджет параметрлерін қайта қарау жағдайларының жиілеуі, шығыстардың артуына, кірістердің тапшылығына әсер ететін тәуекелдердің жеткіліксіз ескерілуі, мемлекет активтерінің толық есебінің шоғырландырылмауы себеп болған.
«Шынында да, қазіргі уақытта мемлекет активтерін есепке алу тек бюджет шығыстары аясында ғана жүргізілуде. Бұл ретте қомақты бюджет қаражаты бюджеттен тыс пайдаланылады – бұл бюджеттен тыс қорлар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шығыстары және т.б. Соның салдарынан мемлекеттің нақты қаржылық мүмкіндіктері көрінбейді, болжау бұрмаланады. Сондықтан Кодекстің осы жаңа бөлімінде көрініс тапқан жалпы бағытты әзірлеу қажеттігі туындады», – деді сенатор.
Ұлттық қор қаражатын пайдалану тетігіне өзгеріс енеді
Сонымен бірге кодекске сәйкес, Ұлттық қор қаражатын қазақстандық эмитенттердің отандық қаржы құралдарына инвестициялауға және бюджеттің ағымдағы шығыстарын қаржыландыруға пайдалануға тыйым салу көзделген.
«Ұлттық қордан түсетін нысаналы трансферттер есебінен шығыстарды қаржыландыруға қойылатын талаптар күшейтілді, нысаналы трансферттерді мақсатсыз пайдаланғаны үшін мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігі енгізілді», – деді Орынбасаров.