Қосылған құн салығын көтеруге емес, шығындарды азайтуға мән беру керек – Әшімбаев
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бюджет тапшылығы мәселесін ҚҚС-ті көтеру арқылы емес, шығындарды азайту арқылы шешу керек деп санайды. Бұл туралы бүгінгі Сенат отырысында айтты.
«Бюджеттік процесс күрделі әрі белгілі бір тәртіппен реттеледі. Осы орайда орынсыз әрі тиімсіз шығындарды болдырмау тәртібін сақтау маңызды. Қазір қоғамда ҚҚС мәселесі қатты талқыланып жатыр. Біз бүкіл айтылған аргументтерді түсініп отырмыз. Бірақ бұл жерде шығындарды азайту мәселесіне мән берген абзал. Оларды реттеп, қысқарту керек. Солайша үнемдеу жолдарын қарастырып, салықты көтеру мәселесінде ойлануымыз керек. Бізге орынсыз шығынға жол бермеу бойынша арнайы ереже керек», – деді Сенат төрағасы.
АҚШ тәжірибесі
Сонымен бірге Әшімбаев АҚШ үкіметіндегі өзгерістерге тоқталып өтіп, Илон Масктің істеп жатқан қызметін мысал ретінде келтірді және бюджет шығындарын реттеуде сондай қатал саясатты ұстану мәселесін көтерді.
«Олар (АҚШ) арнайы министрлік құрды. Оны Илон Маск басқарады. Бұл министрлік қазір барлық бюджеттегі артық шығындарды қысқартумен айналысып жатыр. Уақыт өте олардың қанша үнемдегенін көреміз. Әрине, біреудің тәжірибесін көшірудің қажеті жоқ. Бірақ бізге де шығындарды реттеу мәселесінде осындай тәртіп орнату керек шығар. ҚҚС-ті көтеру арқылы кірісті көбейту жолы және орынсыз шығындарды азайту арқылы үнемдеу жолы бар. Біз екі тетікті де орынды қолдануымыз керек», – деді Әшімбаев.
Бюджет шығын реттеу арқылы бюджетті реттеу мәселесін Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев те ұсынды. Премьер министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған депутат ҚҚС көтеру тұтынушыға артық салмақ салынатынын айтты. «Бизнеске арналған салық кәсіпкердің өзіне кесірі тимейтіндей салынуы керек», – дейді депутат.