Сот Қуандық Бишімбаевтың түрмеден жазған шағымын қанағаттандырмады
Қуандық Бишімбаев түрме басшылығы тарапынан ынталандырудың болмауына шағымданып, сотқа арыз түсірген. Бұл туралы бұрынғы экономика министрінің адвокаты хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, колонияда өткен шахмат турнирінде бірінші орын алыпты. Бишімбаевтың талап-арызында оның сотталушыларға Рақымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орай, Рейхстагқа ту тіккен қазақ батырының өмірі жайлы айтып бергені көрсетілген.
Қуандық Бишімбаевтың пікірінше, түрмедегі белсенділігіне қатысты ешқандай ынталандыру көрмей отыр. Мұның себебі «біржақты қатынаста» жатқан көрінеді.
«Өзге сотталушылар ештеңеге қатыспай-ақ еш кедергісіз ынталандыру алып жатыр. Үш ай өтеді, ынталандыру алады. Бишімбаев бәріне қатысып жатыр», ‑ дейді оның адвокаты.
Десе де, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті не үшін Қуандық Бишімбаевқа ынталандыру амалы қолданбағанын түсіндіріп берді.
Tengrinews ақпаратына қарағанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда сотталушыға ынталандыру қолданылмайды.
«Бұл сотталушының бір ереже бұзушылығы бар екенін ескере отырып, оған ынталандыру берілмеді. Сотталушының талап-арызын сот қанағаттандырмады», ‑ деп хабарлады комитет.
Бірақ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Бишімбаевтың қандай ережені бұзғаны жөнінде нақты ақпарат бермеген.
Қуандық Бишімбаев – бұрынғы экономика министрі. «Нұр Отан» партиясынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған. 2017 жылы ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталып, он жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ екі жылдан кейін шартты түрде бостандыққа шықты. 2023 жылы қараша айында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін ұсталды. 2024 жылы мамыр айында сот оны 24 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Экс-министрдің бұрынғы әйелі Назым Қахарманның Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арызын сот қанағаттандырмады.