Ең қымбат пәтерлер сатылатын мегаполистер Алматы мен Астана екені түсінікті. Еліміздің бас қаласында құны 1,5 млрд теңге болатын пәтерлер де саудаланады. Kursiv. Media Krisha.kz сайтын аралап, ең қымбат апартаменттер тізімін жариялады.
1,5 млрд теңге тұратын 7 бөлмелі пәтер
Тізімнің көш басында Akbulak Rivera тұрғын үй кешеніндегі апартамент бастайды. 7 бөлмеден тұратын пәтердің аумағы – 334,4 шаршы метр. Жеті қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатында орналасқан. Кешеннің өзі 2023 жылы пайдалануға берілген.
Пәтерді сатылымға шығарған риэлтор маманының жазуынша, бірнеше балкон бар. Пәтер толығымен жабдықталған. Қабырғалардың биіктігі 3,3 метрге дейін жетеді. Видеобақылау, дабыл жүйесі, сондай-ақ көлік тұрағы да бар.
Дәл осындай 1,5 млрд теңге тұратын тағы бір пәтер The Ritz-Carlton Residences кешенінде сатылып жатыр. Аумағы 330 шаршы метр, 23-қабатта орналасқан. Бұл кешен 2019 жылы салынған. Пәтерді сатып алғандар жаттықтыру залы, бассейн, кинотеатр және автотұраққа да қол жеткізе алады.
780 млн теңге тұратын 2 бөлмелі апартамент
Бұл пентхаус The Ritz-Carlton, Astana қонақүйінің 24-қабатында орналасқан. Аумағы – 119.7 м². Апартамент толығымен жоғары деңгейдегі дизайн үлгісімен жабдықталған. «Ақылды үй» жүйесі орнатылған. Панорамалық терезелер, мәрмармен қапталған ванна бөлмесі, гардеробы бар.
Кез келген уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін фитнес-орталыққа немесе кинотеатрға баруға болады. Клининг қызметінен бөлек швейцар мен консьерж қызметін де ұсынады.
624 млн теңге болатын 8 бөлмелі пәтер
Астанада Мәңгілік ел даңғылының бойынан аумағы 670 шаршы метр болатын үш қабатты пәтер сатылады. Апартаментте 10 бөлме бар, қабырға биіктігі 3 метрге дейін жетеді. Екі автотұрақ және екі техникалық кеңсе де бар. Италиялық жиһаздармен жабдықталған.
2016 жылы пайдалануға берілген кешеннің 20-қабатында орналасқан. Ас үй аумағы 50 шаршы метрге дейін жетеді.
499 млн теңге тұратын 9 бөлмелі пәтер
550 шаршы метр аумақтағы пәтер Арай-2 тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қабырғалар биіктігі – 3,2 м. Толығымен жиһазбен жабдықталған. Жөндеу жұмыстары да жаңа. Киім жуатын арнайы бөлмесі де бар. Пәтер бағасына автотұрақ және тұрмыстық техникалар кіреді.
600 млн теңге тұратын 10 бөлмелі апартамент
Бұл апартамент Green Village атты жабық қалашықтағы кешендердің бірінде орналасқан. «Элит санаттағы клубтық үй» деп жазылған сипаттамасында. Аумағы – 689 шаршы метр. 10 бөлме тұтасымен төрт қабатты алып жатыр. Бірнеше балкон және лоджия бар. Қабырға биіктігі 3,2 метрге дейін жетеді. Дабыл жүйесі, видеобақылау, 4 автотұрақ бар.
Астана – үй бағасы ең қымбат мегаполистің бірі. Жаңа үйдегі 1 шаршы метрдің орташа бағасы 585 мың теңгеден. Ал Алматыда жаңа үйдегі 1 шаршы метр 567 мың теңгеден сатылады.
Арзан үйлер қызықты болса, Түркістан өңірінен қарау керек. Ол аймақтағы жаңа үйдің бір шаршы метрі 350 мың теңгеден басталады.