Еуропа Temu маркетплейсіне бақылауды күшейтеді

Жарияланды
Еуропалықтар Temu-дан қауіптенеді / Фото: shutterstock

Арзан тауарларымен танымал болған қытайлық Temu маркетплейсіне еуропалық сарапшылар сенбейді. Олар қауіпті немесе заңсыз тауарларды онлайн сатуы мүмкін деген күдікпен Еуроодақ ережелерін күшейтпекші деп жазады Financial Times.

Temu неге қауіпті?

Енді Temu тәрізді шетелдік маркетплейстер қауіпті немесе заңсыз тауарлардың сатылымы үшін жауапты болады. Онлайн-платформалар тауарларын Еуроодаққа жібермей тұрып толық деректерін көрсетуі керек. Сонда лауазымды тұлғалар келе жатқан қытайлық өнімдерді жақсырақ бақылап, тексере алады.

Бұған дейін ЕО құны 150 еуродан төмен тұратын өнімдерге салық салмау деген мәселені талқылап жатқан еді. FT жазуынша, енді оны алып тастап, қосымша алымдар мен қосылған құн салығын талап етпекші. Тауарлардың Еуроодақтың талабына қаншалықты сай келетінін де тексереді.

Өткен жылдың соңында Еуроодақ қытайлық Temu-ға қарсы ресми түрде тергеу бастаған еді. Еурокомиссия платформаны иеленетін PDD Holdings Цифрлық қызмет туралы заңды бұзады деп қауіптенеді. Комиссияның түсіндіруінше, Temu-дың алаяқ-саудагерлерге тоқтау салатындай тұрақты жүйелері болмауы мүмкін. Көбінде онлайн-платформада кейбір заңсыз фармацевтикалық препараттар, косметика мен ойыншықтар сатылып жатады.

Қытайлық маркетплейстің жауабы қандай?

Temu өз тарапынан «реттеуші органдармен серіктестікке дайын екенін» хабарлады. Сондай-ақ компания интернетте контрафактілік өнімдерді сатуға қарсы комиссияны қолдайтын ерікті келісімге қосылу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Temu Қазақстанда да белсенді жұмыс істейды. «Қазпошта» мәліметінше, 2024 жылдың 10 айында Қытайдан Қазақстанға тауарлар көлемі 67%-ға немесе 2,7 млн-нан 4,5 млн-ға дейін өскен. Бірақ қазақстандықтар да шетелдік маркетплейстерде сапасыз тауарлардың сатылымынан қауіптенеді. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы талқыланып жатқанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз