Air Astana акциялары KASE-де тарихи теріс көрсеткішті жаңартты

Air Astana әуе компаниясының Қазақстан қор биржасында саудаланған қарапайым акциялары (AIRA) бейсенбі, 6 ақпан күні, күрт құлдырап, тарихи теріс көрсеткішті жаңартты. AIRA бір күнде 12 теңгеге құлады.
Әуе компаниясының акциясы 6 ақпандағы сауда-саттықты 747 теңгемен аяқтады. Бұл – тарихи теріс көрсеткіш.
2024 жылғы ақпанда IPO-ға 1190 теңгемен шыққан AIRA бір жылда 443 теңгеге арзандап, шамамен 37% құнынан айрылды.
AIRA-ның бұған дейінгі тарихи теріс көрсеткіші 2024 жылғы 4 желтоқсанда тіркелген. Сол кезде акция құны 755 теңгеге дейін құлдырап, кейін аздап нығайған. Бірақ 6 ақпанда 747 теңгеге дейін жетіп, екі ай бұрынғы тарихи теріс көрсеткіш жаңарды.
«Біз маркетмейкер немесе биржа брокері емеспіз. Өз жұмысымызды тиянақты атқарамыз. Нарық оны дұрыс бағалайды деп үміттенемін», – деген әуе компаниясының басшысы Питер Фостер акциялардың былтырғы құлдырауы кезінде.
Air Astana әуе компаниясы акцияларының 41 пайызы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына, 16,95%-ы BAE Systems (Kazakhstan) Limited компаниясына, 6,5%-ы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, қалған 35,55%-ы басқа да акционерлерге тиесілі.