![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/01/aix-collage-kim-1-1-1024x576.jpg)
2025 жылғы қаңтар айының нәтижесі бойынша Astana International Exchange (AIX) биржасында 76,7 млн долларға сауда жасалды. Бұл 2024 жылғы желтоқсандағы көрсеткіштен 19%-ға аз. Сол кезде 95 млн доллардың саудасы жасалған еді.
Өткен айдың қорытындысын AIX жариялады.
Облигация саудасы қызып тұр
AIX-те саудаға түсетін қаржы құралдарының нарықтық капиталы бір айда 1 пайызға төмендеп, 75,43 млрд доллар болған. Сауда мүшелерінің саны 1 қатысушыға артып, 54-ке, ал саудаға шығару саны 13-ке артып, 261-ге жеткен.
Сауда айналымында әдеттегідей облигациялармен келісімге отыру көп кездеседі. Қаңтарда оның үлесі 78,1% болған. Алайда акцияларды саудалау көрсеткіші 21,9% болып, өткен айда шамамен екі есе артқан.
Қазақстандағы 13 компанияны біріктіріп, AIX, Қазақстан қаржы биржасы және Лондон қор биржасында сауда жасайтын AlX Qazaq Index қаңтар айында 1 пайызға, 1 538,9 тармаққа дейін төмендеді.
Кімдер көш бастады?
AIX-те өткен айда сауда көлемі жөнінен Globaltrans ($10,76 млн, 30 есе өсім) көш бастады, ал былтыр желтоқсанда топ жарған Solidcore Resources екінші орын алды ($2,48 млн). «ҚазМұнайГаз» қатарынан екі ай бойы үздік үштіктен табылды. Оның өткен айдағы көрсеткіші – 1,08 млн доллар.
Бұған дейін Kursiv.Media AIX-тегі сауда көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,2 есе ұлғайып, 1,3 млрд долларға жеткенін жазған.
2017 жылы құрылған AIX акционерлеріне АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және NASDAQ кіреді. Алайда олардың үлесі көрсетілмеген. Биржа ағылшын құқығының қағидалары бойынша жұмыс істейді.