Жаңалықтар

«Қытай тауарларын алалау»: Бейжің Трамптың баж салығына байланысты ДСҰ-ға шағымданды

Қытай Трамптың баж салығына байланысты ДСҰ-ға арызданды / фото: REUTERS/Jonathan Ernst

5 қаңтар, сәрсенбі күні, Қытай АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа 10 пайыздық баж салығына байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірді. Бейжің Құрама Штаттар әкімшілігінің бұл әрекеті ДСҰ қағидаларын бұзады деп есептейді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Қытай тауарларын менсінбеу

Сауда ұйымындағылардың мәлімдеуінше, Қытай баж салығына қатысты АҚШ-пен келіссөз жүргізуге өтініш түсірген. Бейжің осы арызында Трамптың жаңа баж салықтары «Қытайды негізсіз айыптау негізінде енгізілгенін» атап өткен.

Бұған қоса Бейжің мұндай салықтардың енгізілуін «алалаушылық» деп атаған, себебі АҚШ оны тек қана Қытай тауарларына енгізген, сол арқылы ДСҰ алдындағы міндеттерін сақтамаған.

Бейжіңнің мұндай өтініші екі ел арасындағы дауды реттеудің алғашқы қадамы саналады. ДСҰ Трамп енгізген салықтарды сауда тәртібін бұзуға жатқызуы да мүмкін. Ұйым 2020 жылы да АҚШ-тың Қытай тауарларына салық салуын заңсыз деп таныған.

Алайда мұндай жеңіс Бейжіңді жұбата қояры екіталай, себебі ДСҰ шешімдері ұзақ жылдар бойы дұрыс орындалмай келеді, өйткені АҚШ ұйымның апелляциялық соттарының қаулы қабылдауына тосқауыл қойған. Соған байланысты 2020 жылы да осы іс бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған.

Трамп пен Си сөйлеспейді

Reuters агенттігі дереккөзінің хабарлауынша, 5 ақпан күні де Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы әңгімелесу жоспарланбады. Сейсенбі, 4 ақпанда, Трамп Симен сөйлесуге асықпаймын деп мәлімдеген.

Бүкіл әлем екі ел басшылары Трамптың баж салығы мен Бейжіңнің оған қарсы қолданған шараларын талқылайды деп күтіп отыр. Мәселен, Қытай америкалық көмір, табиғи газ, шикі мұнай және ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарына баж салығын салған, бұған қоса Alphabet Google-ді тексере бастаған.

Жаңа сауда соғысының басталуы көпшілікті әбігерге салып қойды. «Мұндай жағдайға ешкім дайын болмай шықты«, – дейді Supply Chain Compliance консалтинг компаниясының тең құрылтайшысы Морин Кори.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп биыл қаңтарда билікке келе салысымен Канада, Мексика және Қытай тауарларына баж салығын енгізген. Трамп жарлықтары осы аптада күшіне енді. Ресми Бейжің сол кезде-ақ Құрама Штаттар әрекетіне ДСҰ-ға шағымданатынын ескерткен.