Үкімет Өзбекстанды айналып Ауғанстанға бидай тасымалдайтын жол іздеп жатыр
Қазақстан жаз бойы Өзбекстанды айналып өтіп Ауғанстанға бидай экспорттайтын жаңа маршруттар іздестіріп жатыр. Сол арқылы биыл бидай экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бүгін журналистермен кездескен Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осындай жоспарларын бөлісті.
Қазақстан қанша бидай экспорттайды?
«2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың қаңтар аралығында бес ай ішінде біз алты миллион тонна бидай тасымалдадық. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Осы жолғы мақсат – экспортқа 12 млн тонна бидай жіберу. Қазір қарасам, бұл міндетті орындай алады екенбіз, сенімдімін», – деді Жұманғарин.
Бірақ мәселе – біз бидай тасымалдаған елдер оны ұнға айналдырып ары қарай экспорттайды. Журналистер сөзінше, Өзбекстан Қазақстан бидайын сатып алып, өздерінде диірменде тартып ары қарай Ауғанстанға ұн тасымалдайды екен. «Бұл бизнес, қалыпты нәрсе», – дейді Серік Жұманғарин.
«Өзбекстан және Өзбекстандағы диірмендерге қатысты айтар болсақ, бұл – бизнес. Сіз біреуге шикізат жеткізетін болсаңыз, ертең оны өңделген күйінде қоятынына дайын болыңыз. Кез келген ел осыған тырысады, оларда да экономиканы әртараптандыру, импортты алмастыру туралы дәл осындай бағдарламалар бар. Оны түсінуіміз керек», – деді министр.
Ауғанстанмен байланыс қандай?
Бірақ Қазақстан да бәсекелестерінен қалмақ емес. Министрлік биыл Таяу Шығыс елдеріне экспортты көбейту туралы жоспар қойып отыр. Мәселен, ұзақ жылдар бойы Қазақстан Иранға бидай тасымалын тоқтатқан. Бірақ былтыр ол елге 500 мың тонна бидай жеткізген.
Енді министрлік Ауғанстанға баратын жаңа маршруттар іздеп жатыр.
«Ешкімге құпия емес шығар, жаз бойы Түркмения арқылы, Маңғыстау облысы арқылы Ауғанстанға баратын жаңа маршруттар іздеуге тырыстық. Герат қаласына. Шілдеде Ақтауда дәл осы мақсатта арнайы сауда форумын өткіздік. Бұл мақсатта перспективаларымыз жақсы», – деді ведомство басшысы.
Министр дәл қазір бидай сататын жақсы уақыт емес екенін айтты. Нарық толған, бидайдың бағасы да жоғары емес. Жұманғариннің сөзінше, енді Қазақстандағы ірі компаниялар бидайды терең өңдеу үрдісіне кіріседі. Министр тіпті алдағы уақытта бірінші нөмірдегі міндет сол болады деп отыр.
Бидай тасымалы – бюджетке жақсы кіріс әкеледі. Былтыр Қазақстан бидай экспортынан 494 млн доллар пайда тапқан. Негізінен дәнді-дақылды Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай және Ауғанстанға тасымалдаймыз.