Lifestyle

Билл Гейтстің сүйікті 4 кітабы

Билл Гейтстің сүйікті 4 кітабы
Билл Гейтстің сүйікті 4 кітабы / Фото: shutterstock

Билл Гейтс — Microsoft корпорациясының негізін қалаушы әрі экс-директоры, филантроп, қоғам қайраткері. Компания құрылған 1975 жылдан бастап 2000 жылға дейін басқарған. Кейін CEO қызметінен кетіп, қоғамдық жұмыстарға көбірек бөлуге ден қойған. Әлемнің ең бай адамдарының қатарындағы тұлға қандай кітаптарды жақсы көреді? Сүйікті авторлары кімдер? Kursiv Media тілшісі топтама дайындады.

Эдит Ева Эгер, The Choice: Embrace the Possible / «Выбор. О свободе и внутренней силе человека»

Гейтс жыл сайын өзі оқыған кітаптары туралы айтып, ұсынып отырады. Сол тізімнің ішінде психотерапевт Эдит Ева Эгердің The New York Times Non-Fiction мен Amazon-ның бестселлерлері қатарынан табылған осы туынды бар. 1944 жылы 16 жасар балерина Эдит Эгер отбасымен Аушвицке (концлагерь) түседі. Ата-анасының қазасына бірер сағат болмай жатып нацист дәрігер Йозеф Менгеле Эдитті күштеп алдында билетіп қояды. Өлім лагері атанып кеткен Аушвиц, Маутхаузен мен Гунскирхеннің бүкіл сұмдығын әпкесі екеуі көзбен көрген. Кітапта да сол жердегі оқиғаларды боямасыз жеткізеді. Сонымен бірге кейінірек психотерапевт болған кезде алдына келген адамдардың бастан өткергендерін де қосқан. Бұл жерде параллельдер арқылы өмірдің қандай сан қилы болатынын түсінеміз. Қиын-қыстау кезеңде не істеу керегін, берілмей, сынақтарға сынбай алға қалай жылжуға болатынын білеміз. Жалпы алғанда эмоциялық жарақаттың салдарын көре отырып, оны қалай жеңуге болатынын жатық тілде жеткізген. 

Дэвид Митчелл, Cloud Atlas / «Облачный атлас»

Гейтстің айтуынша, бұл кітап бір оқыған соң ұзақ уақыт бойы естен кетпей, талай талқыға себеп болады екен. Мұнда әртүрлі дәуірде, әртүрлі кейіпкердің басынан өтіп жатқан оқиғалар сипатталады. Осылайша оқырман бірде XIX ғасырға сапар шексе, енді бірде болашақтан бір шығады. Әр оқиғаны оқып жатқанда әлемде еш нәрсе тектен тек болмайтынын түсінеміз. Адамзат тағдыры туралы ойландырады.  

Мэттью Уолкер, Why We Sleep: The New Science of Sleep and Dreams / «Зачем мы спим. Новая наука о сне и сновидениях»

Ұйқының маңызды екенін бәріміз білеміз. Қалай ұйықтаған дұрыс екенін де ғалымдар әбден зерттеп тастаған. Невролог Мэттью Уолкердің мына кітабында ұйқының миға қалай әсер ететіні, оның қандай жүйелермен байланысты екені өте түсінікті жазылған. Әсіресе, ұйқысыздықтан қиналып жүргендерге маст рид. Өйткені практикалық кеңестер бар. Уолкердің бұл кітабын оқыған адам жай ғана танымы кеңіп қоймай, ұйқының қаншалықты маңызды екенін шын ұғады. Ұйқының денсаулыққа, қауіпсіздікке, кәсіби қызметке тікелей әсері барын шегелеп көрсетеді. Түсінікті жазылғандықтан ондағы ақпарат тез ойға қонады. Соның арқасында оқырманға өмір салтын өзгерту оңайырақ болады. Челленжге толы, қарбалас өмірде осындай тақырыпта жазылған кітаптар керек-ақ. 

Барак ОбамаA Promised Land / «Земля обетованная»

АҚШ-тың экс президенті Барак Обаманың автобиографиялық кітабы. Мұнда даңғойлық, мақтан сынды дүние жоқ, шынайылық басым. Сондықтан да болар рекорд тираж — 2 миллион данамен таралған. Обамадан кейін билік басына Трамп келген еді. Сол жылдары Обама онша көрінбей кеткен. Тіпті саясаттан жырақтағандай әсер қалдырған. Кітаптың алғысөзінде ол осы кітапты жазуға өзі ойлағаннан әлдеқайда көп уақыт керек болғанын айтады. Асықпай, аптықпай, бәрін саралап барып жаздым дейді. Мұнда оның балалық шағынан бастап, жеке өмірі, саясатқа қалай келгені — бәрі бар. Әсіресе әлем көшбасшыларымен кездесулері, президент болған кезде болған маңызды оқиғаларды суреттеп жазған. Бен Ладенді қалай ұстағандары, сайлауалды кампанияларды қалай ұйымдастырғаны да айтылады. Саясатқа қызығатын, Обаманы role model санайтындар оқуға тиіс кітап.