Әлихан Смайылов басқаратын Жоғарғы аудиторлық палата цифрлық даму саясатына қатысты жүргізілген аудит қортындысын жариялады. Нәтижесінде 1,1 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтар және 46,5 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.
Аудит материалдары
Жоғарғы аудиторлық палата «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ және цифрлық даму саласына бөлінген бюджет қаражатының тиімділігін тексерген. Мұнда біршама қаржылық бұзушылықтар бар. Мәселен, 2016-2017 жылдары 5 технологиялық даму орталығын және 1 венчурлік қорды құруға 4,9 млрд теңге бөлінген. Алайда олардың үшеуі тиімсіз жұмыс істесе, екеуінде перспективалық даму жоспары болмаған. Нәтижесінде бюджеттің 3 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған.
«95 стартап жобасына салынған 987 млн теңге инвестицияның тиімділігі расталмаған. 2018-2020 жылдары қаржыландырылған 32 ұйым таратылып, оның 18-і мәжбүрлі түрде жабылған. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) бағытталған 41 млрд теңге толық ашықтықпен бөлінбеген. Оның 14,8 млрд теңгесі ғылымды дамытуға емес, бизнес қажеттіліктерін шешуге жұмсалған»,- делінген хабарламада.
Ақпараттық жүйелер ескірген
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қызмет көрсететін 34 ақпараттық жүйенің 85%-ы ескірген. 50 ақпараттандыру нысанының ішінде 28 жүйе мен 1 аппараттық-бағдарламалық кешен өзекті емес деп танылды.
Аудит нәтижесі қандай?
- 1,1 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
- 2,2 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған.
- 46,5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған.
- 45 жүйелік кемшілік және 143 процедуралық бұзушылықтар тіркелді.
Не істелуі керек?
Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Жаслан Мәдиевке кибералаяқтықпен күресті күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аудит қорытындылары негізінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, құрылымдық өзгерістер енгізуіді тапсырды.