АҚШ Ресейге қарсы санкцияны күшейте түспек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Ресей адамдарынан айырылуға әзір», ‑ деді Келлог./фото: Ашық дереккөзі

АҚШ Ресейге қарсы санкцияны күшейте түсуді жоспарлап отыр. Дональд Трамп әкімшілігінің ондағы мақсаты – соғысты тоқтату.

The New York Post басылымына берген сұхбатында Украина мен Ресей жөніндегі арнайы уәкіл Кит Келлог осындай мәлімдеме жасады.

Санкцияға «үштік» деген баға берді

Оның сөзіне қарағанда, Мәскеу де, Киев те ымыраға келіп, райынан қайтуы керек. АҚШ Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге не үшін барып отыр? Келлогтың сөзінше, бұрынғыларына бес балдық шәкіл бойынша «үштік» баға қоюға болады.

«Санкцияларды шын мәнінде күшейтуге болады. Әсіресе, соңғыларын», ‑ деді ол мұнай өндіру және экспорттауға шектеуді меңзеп.

«Егер ықпал тетігінің не екенін білетін адам болса, ол ‑ Дональд Трамп.  Жақында ғана жасаған нәрсесінен бұл анық көрінеді», ‑ деді ол.

Бұл соғыс Екінші дүниежүзілік соғысты еске түсіреді

Оның сөзіне сенсек, өткен бейсенбіде Трамп АҚ үйде кеңес өткізіп, Украинадағы соғысты аяқтау үшін АҚШ ресурстарын пайдалану мәселесі талқыланған. Бұл соғыстағы зорлық‑зомбылық деңгейін Келлог Екінші дүниежүзілік соғыспен салыстырды. Трамп «сондықтан да бұл соғысты тоқтатуға кешенді шара қолданбақ» екен.

Арнайы уәкілдің сөзіне қарағанда, Ресейді майдандағы жаппай шығын қызықтырмайды. Өйткені, Ресей үшін «түгі қалмағанша соғысу қанға сіңген» әдет.

«Сталинград шайқасы кезінде бұл елде алты ай ішінде 700 мың адам опат болды. Оған мән берген де жоқ. Ресей адамдарынан айырылуға әзір», ‑ деді ол. Сондықтан Келлог бұл елге тек қана әскери қысым аздық етеді. Экономикалық, дипломатиялық шаралар да қажет. Сондықтан АҚШ Ресейге қарсы санкцияны күшейте түспек.

Қаңтар айының аяғында Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен бейбіт келісімге қол қоймайтынын мәлімдеген еді. Зеленский болса, Путиннің келіссөздерден қорқатынын айтқан еді. Оның сөзінше, қазір соғысты тоқтатудың мүмкіндігі бар. Бірақ ол Путиннің әлі соғысты барынша ұзаққа созуға ниетті екенін алға тартқан.  

АҚШ санкциялары салдарынан Ресей мұнайының бағасы түсті.

Сондай-ақ оқыңыз