КТЖ жеті жыл бұрын зорланған жолаушыға 3 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
КТЖ жеті жыл бұрын зорланған жолаушыға 3 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді/Фото: Ашық дереккөз

Астананың азаматтық істер жөніндегі соты «Қазақстан темір жолы» компаниясын осыдан жеті жыл бұрын пойыз вагонында зорлыққа ұшыраған жолаушыға өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл туралы адвокат Снежанна Жукова фесбуктегі парақшасында жазды.

Сот шешіміне сай, ҚТЖ жәбірленушіге 3 млн теңге төлеуге тиіс. Құқыққорғаушы бұл өте аз екенін айтады.

«Ашудан айтарға сөзім жоқ. 3 000 000 теңге – Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты зорланған әйелдің моральдық зиянын осылай бағалады. Бұл – шамамен 6000 доллар. Яғни пойыз жолаушысының жыныстық қол сұғылмаушылығы бұзылғанда, біздің елде моральдық өтемақы осылай есептеледі… Қорқынышты…», – дейді заңгер.

Снежанна Жукованың сөзінше, жәбірленуші қатты күйзеліске түсіп, соның салдарынан кәсібінен, достарынан, отаны мен денсаулығынан, өмір сүруге деген құлшынысынан айырылған. Сондықтан бұл сома жеткіліксіз деп санайды.

Резонанстық іс

2018 жылдың қыркүйегінде «Тұлпар-Тальго» пойызында жолсеріктер 35 жастағы жолаушыны купеде зорлаған. Бірінші инстанция жолсеріктерге 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Жәбірленуші үкім тым жеңіл екеніне шағымданған. Апелляциялық сот жазаны қатаңдатып, екі айыпталушыны 5 жылға соттады. Ол кезде зорлау фактісі орташа қылмысқа жатқызылатын.

2019 жылдың желтоқсанында Қылмыстық кодекстің 120-бабы (Зорлау) және 121-бабы (Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) ауыр қылмыстар санатына енгізілді. Енді заң бойынша қылмыскерге аталған фактілер бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін жаза қарастырылған.

Осы оқиғадан кейін бірнеше жыл өткенде, пойыздарда әйелдер вагондары пайда болды. Мұндай вагондарды бір жылда 100 мыңға тарта қыз-келіншек пайдаланған.

2023 жылы ҚТЖ «Тальго» жолаушылар пойыздарындағы бақылауды күшейтетінін мәлімдеген. Алайда жұмыс созылып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы Тальго пойыздарының вагондарына бақылау камераларын қоюды жақында ғана аяқтаған.

Сондай-ақ оқыңыз