40 құрылысшы Qazaq Stroy-ға барды: жарты жылға созылған дау жарты сағатта шешілді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
40 құрылысшы Qazaq Stroy-ға барды: Жарты жылға жалғасқан дау жарты сағатта шешілді/Фото: qazaqstroy.kz

Алматыда 40 құрылысшы Qazaq Stroy құрылыс компаниясы бас кеңсесінің алдына жиналды. Айтуларынша, компания өздері істейтін мердігерге 11,7 млн теңге көлеміндегі жасалған жұмыстың ақшасын төлемей келген. Qazaq Stroy болса, керісінше, ақша жұмыс толық көлемде істелмегендіктен төленбегенін айтады. Ақырында құрылыс компаниясы мердігерге ақшаны толықтай аударды. Алайда тапсырыс беруші мен мердігер арасында шешімін таппаған мәселелер қалып отыр. Kursiv.Media тілшісі тараптардың уәжін тыңдап, оқиғаның барысын баяндайды.

Qazaq Stroy құрылыс компаниясыны талабын айтуға барған құрылысшылар

Құрылысшылар талабы

Құрылысшылардың заңды өкілі, құқыққорғаушы Инга Иманбайдың айтуынша, құрылысқа тапсырыс беруші Qazaq Stroy компаниясы мен мердігер «Stroylux Expert» компаниясы арасында Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектеп құрылысы бойынша келісімшарт жасалған.

Құқыққорғаушы Инга Иманбай

«Шарт аясында алғашқы екі блок салынып, оның есебі түгел жабылған. Тараптардың бір-біріне арыз-шағымы болмаған. Алайда үшіншіге келгенде 24 қыркүйек күні құрылысшылар жұмысты бітіріп, орындалған жұмысқа төлем жасауға шот ұсынады. Алайда төлем жасалмады. Одан бері алты ай өтті», – дейді ол.

Құқыққорғаушының сөзінше, бастапқыда Qazaq Stroy есепшілері төлемнің кешігу себебін «Самұрық-Қазына» қорынан ақша түспей жатқанымен түсіндірген. Кейін байланысқа шығуды мүлде қойған. Мердігер ақшасын ала алмаған соң, жұмысты жалғастырмай, жұмысшыларын алып басқа нысанға кетіп қалған.

Qazaq Stroy жасалған жұмыстың ақшасын төлеудің, жұмысшылармен келісімге келудің орнына мердігердің үстінен сотқа дейінгі арыз түсірген. Онда «мердігер 3 млн аванс алып, жұмысты аяғына дейін атқармай, нысаннан кетіп қалды» делінген. Алайда компания есепшілері маған ол ақшаны төлегені туралы қағаз көрсете алмады. Енді сол 3 млн бойынша компаниямен сөйлесеміз”, – дейді Инга Иманбай.

Qazaq Stroy компаниясының уәжі

Qazaq Stroy компаниясы PR қызметінің жетекшісі Гүлім Оразбаева 2024 жылдың қыркүйегінде «Stroylux Expert» ЖШС 11,7 млн теңге сомасына орындалған жұмыс актісін ұсынғанын, бірақ мердігер шарт талабын орындамағанын айтады.

Qazaq Stroy компаниясы PR қызметінің жетекшісі Гүлім Оразбаева

«Қыркүйектен кейін аталған мердігер айтарлықтай көлемдегі жұмысты аяқсыз қалдырып, нысандағы жұмысын тоқтатты. Біз арамыздағы келісімшарттың адал орындалатынына және жұмыстың сапалы шығатынына сендік, алайда бұл міндеттемелер орындалмады. Компаниямыз бұл жағдайды оңынан шешуге тырысып, бірнеше ай бойы мердігердің нақты жауабын күтті, бірақ еш реакция болмады», – дейді компания өкілі.

Гүлім Оразбаева компания мердігер жауабын ала алмағандықтан, 2024 жылдың 1 қарашасында сотқа дейінгі шағым жіберуге мәжбүр болғанын, бірақ оған да еш жауап келмегенін жеткізді.

«Енді жарты жылға жуық уақыттан кейін біздің компания жұмыскерлердің еңбегінің ақысы өтелмеді деген айыптарға қалып отыр, ал оның нақты себебі – мердігердің келісімшарт бойынша міндеттерін орындамағандығында. Біз мұндай мәлімдемелерді БАҚ және қоғамдық пікір арқылы компаниямызға қысым көрсету әрекеті деп қарастырамыз», – дейді ол.

Мердігер «Stroylux Expert» компаниясының директоры Ержан Шәкенов компания уәжін терістейді.

«Stroylux Expert» компаниясының директоры Ержан Шәкенов

«Біз қағаздарды жұмысты орындағаннан кейін өткіздік. Егер жұмыс орындалмаса, линиядағы прораб, технадзор, мастерлер, учаске басшысы қол қоймайды. Солардың бәрі қол қойғаннан кейін, төлем жасау туралы шотты ұсындық», – деп отыр.

Тараптар келісімге келді, бірақ…

Жұмысшылар осылай талабын айтып жатқанда, Qazaq Stroy өкілі Гүлім Оразбаева компания мердігер шотына 11,7 млн теңге қаражатты толық көлемде аударғанын мәлім етті. Бірақ компания жұмыстың істелмеген бөлігін сот тәртібі бойынша мердігерден өндіріп алу жұмысын жүргізетінін айтты.

«Бұл оқиға ірі құрылыс компанияларына сабақ болуға тиіс»

Мердігердің заңды өкілі Инга Иманбай мемлекеттік нысандарда бюджет қаржысымен жұмыс істейтін осындай компаниялар әлеуметтік тұрғыда жауапты болуы керек деп санайды.

«Құрылысшылар мәселесін айлап талап етіп, журналистерге жүгінетіндей жағдай болмауы керек. Бүгінгі болған нәрсе ірі компанияларға әлеуметтік жауапкершілік туралы сабақ болса екен дейміз», – дейді құқыққорғаушы.

Сондай-ақ оқыңыз