АҚШ санкциялары салдарынан Ресей мұнайы арзандады
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/shutterstock_2169510027.jpg)
АҚШ санкциялары салдарынан Ресей мұнай арзандады. Bloomberg басылымының жазуынша, ресейлік шикі мұнай бағасы желтоқсан айынан бері алғаш рет 60 доллардан төмен түскен.
Балтық теңізіндегі Приморск портында Urals маркалы мұнайының North Sea Dated (еуропалық эталонды мұнай) бағасымен салыстырғандағы жеңілдігі күрт өсіп, 5 ақпан күні барреліне 15,70 долларды құраған.
Сонымен қатар экспорттық пункттерде Үндістанға жеткізілетін Urals мұнайының бағасы да арзандады. Бұл жеңілдік барреліне 13 долларға жетіп, мамыр айынан бергі ең үлкен көрсеткішке айналды.
Argus агенттігінің бағалауы бойынша, Приморскіден Үндістанға мұнай тасымалдау құны да артқан.
G7 елдері шектеулерді қайта қарамады
2022 жылдың соңында Батыс елдері Ресей мұнайының бағасын 60 доллардан асырмау туралы шешім қабылдаған еді.
G7 елдері бұл шекті ай сайын қайта қарастырып, оны Ресей мұнайының орташа нарықтық бағасынан 5%-ға төмен қоюға тиіс болған. Алайда олар бұл талапты ешқашан орындаған жоқ.
Ресей санкцияларды айналып өтті
Ресей мұнайды сатуды жалғастыру үшін «көлеңкелі флот» әдісін пайдаланды. Бұл – иелері мен сақтандыруы белгісіз танкерлер арқылы жаңа нарықтарға мұнай жеткізу.
Осылайша, Ресей мұнайы жыл бойы белгіленген 60 долларлық шектен жоғары бағада сатылып келді.
G7 елдері бұл жағдайға жауап ретінде көлеңкелі флотқа қатысатын танкерлер мен компанияларға қарсы санкция енгізді.
Солтүстік Еуропа елдері де 2024 жылдың желтоқсанында Ресей танкерлерінің сақтандыру құжаттарын қатаң тексеру туралы шешім қабылдады.
Мұнай бағасы неге арзандады?
Сарапшылардың пікірінше, Ресей мұнайының арзандауына екі негізгі фактор әсер етті:
- АҚШ-та мұнай қорының көбеюі – ұсыныс артқандықтан, баға төмендеді.
- АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына қатысты алаңдаушылық – нарықта белгісіздік күшейіп, инвесторлар мұнайға сұраныс төмендейді деп қауіптеніп отыр
АҚШ 10 қаңтарда Ресейдің бірқатар мұнай компанияларына, мұнай тасымалымен айналысатын кемелерге санкция салды.