Банк пен қаржы

«Мөлшерлемесі тым жоғары»: Тоқаев қосылған құн салығы мәселесін тағы пысықтауды тапсырды

Тоқаев қосылған құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Оның айтуынша, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары.

«Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Олардың қатарында Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова, Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов, «Қазақмыс» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, InDrive бас атқарушы директоры Арсен Томский, BI Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев және басқа да кәсіпкерлер бар.

Президент қосылған құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екенін айтты.

«Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс», – деді ол.

Қосылған құн салығы

28 қаңтарда өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық пен бюджет реформасын ұсынған. Соған сәйкес, Үкімет қосылған құн салығын қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеруге ниетті. Ал қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлерге қосылған құн салығын төлеу міндеттелмек.

Осылайша қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге жинау жоспарланған.

Алайда Үкіметтің бастамасын кәсіпкерлер мен сарапшылар, Мәжіліс депутаттары қолдамады. Тіпті заңгерлер ҚҚС-ты көтеруге қарсы петиция жариялады. Депутатттар көлеңкелі бизнес көлемі артады, «ҚҚС-ты көтергенге, бюджет шығынын қысқарту керек» деп мәлімдеді.