2024 жылы Ұлттық қордан алынған 3,6 трлн теңге нысаналы трансферт қайда жұмсалды?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қордың нысаналы трансферттері қайда жұмсалып жатыр/Фото: shutterstock

2024 жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге нысаналы трансферт алынған. Қаржы министрлігінің есебіне сүйенсек, бұл қаржы аурухана мен мектеп салу, жол жөндеу әуежай инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй құрылысына, жоғары жетістіктер спортын қолдауға, су ресурстарын тиімді басқаруға жұмсалған.

Қаржы қалай бөлінді?

3,6 трлн теңге нысаналы трансферттің 3,57 трлн теңгесі толығымен пайдаланылған. Ал 21,8 млрд теңге әлі игерілмеген. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 1,36 трлн теңге жергілікті бюджеттерге аударылып, оның 97,6%-ы игерілген, ал 32,7 млрд теңге пайдаланылмай қалған.

Министрлік дерегі бойынша, бөлінген қаражаттың 2 трлн теңгесі субвенцияларға, яғни жоғары тұрған бюджеттен төменгі деңгейдегі бюджетке бөлінетін трансферттерге жұмсалған.

Негізгі жобаларға бөлінген қаражат

  • «Жайлы мектеп» жобасына – 646,5 млрд теңге бөлініп, қаражат толық игерілген.
  • Тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға – 350,6 млрд теңге жұмсалды.
  • Жол жөндеу, азаматтық авиацияны дамыту және шекаралық бекеттер салуға – 191,2 млрд теңге бөлінген, бірақ оның тек 89,7%-ы ғана игерілген.
  • Әлеуметтік қорғау және халыққа көмек көрсетуге – 10,3 млрд теңге;
  • Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – 43,2 млрд теңге;
  • Спорттық нысандарды жаңғырту – 37,4 млрд теңге бөлінген.

Жергілікті бюджеттер бойынша ең көп трансферт Астана қаласы (161,2 млрд теңге) мен Түркістан облысына (166,9 млрд теңге) бөлінді. Ал ең аз қаражат Солтүстік Қазақстан (25,4 млрд теңге) және Абай (35,8 млрд теңге) облыстарына бағытталған.

Облигациялық қарыздар және қаржының жұмсалуы

Ұлттық қордан 3,58 трлн теңге облигациялық қарыз ретінде берілді. 2022 жылдан бері мемлекет «Самұрық-Қазына» қорын тікелей қаржыландыру құқығына ие болды. 2024 жылы қаржы келесі бағыттарға жұмсалды:

  • Экономикалық және қаржылық жүйені тұрақтандыру жоспары (2009-2010 жж.)
  • Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесті (ШОБ) қаржыландыру
  • 2015-2019 жылдардағы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы
  • Әлеуметтік осал топтар мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған тұрғын үй құрылысы
  • ЭКСПО-2017 аумағындағы жылжымайтын мүлік пен сауда орталықтарын салу
  • Достық – Мойынты теміржол учаскесін салу (Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында)
  • Талдықорған – Үшарал магистральдық газ құбырын салу (Жетісу облысының 66 елді мекенін газбен қамту үшін)

2025 жылдың 1 қаңтарына дейін 453,5 млрд теңге қарыз өтелді, ал қолданыстағы қарыз көлемі 3,12 трлн теңгені құрап отыр.

Ұлттық қордан қаражат алу жоспары асып түсті

Жалпы алғанда, Ұлттық қордан алынған қаржы көлемі жоспардан асып, 5,6 трлн теңгеге жетті. Былтыр күзде қазан айында Үкімет қосымша 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт сұратқан. Ұлттық банк басшысы «бұл қаражаттың бюджет ережесіне жатпайтынын және оның көлеміне шектеу қойылмайтынын» мәлімдеді.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер бюджет тапшылығын жабу үшін пайдаланылады. Ал мақсатты трансферттер президент шешімімен бөлініп, экономикалық дағдарыс кезіндегі антикризистік бағдарламаларды, әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін қарастырылады.

Алдағы уақытта Үкімет Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферт көлемін шектемек. Ол кепілдендірілген трансфет көлемінің 30%-ынан аспауы шарт.

Сондай-ақ оқыңыз