2024 жыл Қазақстан мұнай экспортынан қанша табыс тапты?

Жарияланды
2024 жылы мұнай экспортынан қанша табыс түсті / Фото: shutterstock

Былтыр мұнай секторы экономикалық өсімді азайтты

Атап айтқанда, 2024 жылы ірі кен орындарында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары бұл көрсеткішке айтарлықтай ықпал етті. Теңіз кен орнында Болашақ кеңейту жобасын іске қосу аясында, мамыр және тамыз айларында жалпы ұзақтығы 50 күнге созылған жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қашаған кен орнында шлам-ұстағышты (slug catcher) ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның толық тоқтатылуы 21 күнге созылды (жоспарланған 39 күннің орнына). Өндіріс 1 қарашадан бастап толық қуатта іске қосылды. Бұл әр үнемделген күн үшін 50 мың тонна қосымша мұнай өндіруге мүмкіндік беріп, жалпы 350-450 мың тонна қосымша өнім алуға ықпал етті.

Сонымен қатар өндіріс көлеміне бірқатар күтпеген жағдай да әсер етті. Атап айтқанда, Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс тоқтаулар, Орынбор газ өңдеу зауытының газ қабылдау шектеулері, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жоспарлы-профилактикалық жөндеу жұмыстары, сондай-ақ Теңіз кен орнындағы Екінші буын зауытында технологиялық ағынға будың ішкі ағып кетуіне байланысты жүргізілген жөндеу жұмыстары өндіру деңгейіне әсер етті.

Кейінгі 10 жылдағы мұнай экспорты

Қазақ мұнайына кім мұқтаж?

ҚР Кірістер комитетінің мәліметі бойынша 2024 жылы елімізде мұнай экспорты рекордтық көрсеткішке жетіп, 35 елге 71,0 млн тонна  мұнай экспорттаған. Экспортталған мұнайдың номиналды бағасы 43 млрд АҚШ долларды құрады.

Қазақстан мұнайының негізгі импорттаушы елдері: Италия, Нидерланды, Қытай, Республикасы, Румыния, Франция, Греция, Түркия, Сингапур және Германия елдері. Еуропа елдері сөзсіз басты импорттаушы елдер.

Мәселен бір Италияның өзі  былтыр құны 18,4 млрд доллар болатын 30,7 млн тонна   мұнай импорттаған. Қазақстанның ірі инвесторы Нидерланд елі де 2024 жылы 7,7 млн тонна мұнайды 4,7 млрд долларға сатып алған. Германия мен Румыния елдері де мұнай импортын біртіндеп арттырып келеді.

2024 жылы қанша мұнай экспортталды

Қазақстан биыл мұнай экспортын арттыруды жоспарлап отыр

Бұған дейін Қазақстан 2025 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемін 96,2 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 87,56 млн тоннамен салыстырғанда өсім көрсетеді.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 34,7 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп күтіп отыр. Бұл 2024 жылғы 27,8 млн тоннамен салыстырғанда 24,8%-ға артық. Теңіздегі бұл өсім негізінен Болашақ кеңейту жобасының толық іске қосылуына байланысты болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз