Жаңалықтар

АҚШ Халықаралық қылмыстық сотқа санкция енгізді

АҚШ Халықаралық қылмыстық сотқа санкция енгізді / фото: GETTY IMAGES

АҚШ президенті Дональд Трамп Халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚС) санкциялар енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ол бұл ұйымды АҚШ пен оның негізгі одақтастарын, әсіресе, Израильді заңсыз қудалаумен айыптады деп хабарлайды Reuters.

Жарлыққа сәйкес, АҚШ азаматтары мен олардың одақтастарына қатысты тергеулер жүргізуге қатысқан адамдар мен олардың отбасы мүшелеріне қаржылық және визалық санкциялар салынады.

Бұл шешім АҚШ Сенатындағы демократтардың өткен аптада ХҚС-қа санкция салу туралы республикашылдардың ұсынысын бұғаттауынан кейін қабылданды. Республикашылар бұл санкцияларды Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантқа ордер шығаруға жауап ретінде енгізбек болған. Нетаньяху қазір ресми сапармен Вашингтонда жүр.

АҚШ пен Израильдің ұстанымы

Трамптың жарлығында «ХҚС өз өкілеттігін асыра пайдаланып, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантқа негізсіз ордер берді» деп жазылған.

Сондай-ақ АҚШ пен Израиль «соғыс заңдарын қатаң сақтайтын демократиялық елдер» екені айтылған.

ХҚС АҚШ-тың салынуы мүмкін санкцияларына дайындалып, қызметкерлеріне үш айлық жалақыны алдын ала төлеген деп хабарлады Reuters агенттігі.

ХҚС реакциясы

Халықаралық қылмыстық сот АҚШ санкцияларын «құқық үстемдігіне араласудың жол берілмейтін әрекеті» деп бағалады.

ХҚС 2002 жылы құрылған, оның құқықтық негізі Рим статуты. Оны 120-дан астам ел ратификациялаған, ал 34 мемлекет әлі де оны бекітуі мүмкін. Алайда АҚШ пен Израиль Рим статутына қол қоймаған және соттың юрисдикциясын мойындамайды.

2023 жылдың наурызында ХҚС Ресей президенті Владимир Путинге және РФ-ның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Беловаға Украинадағы әскери қылмыстарға байланысты ордер шығарған еді.