![Путин AZAL туралы не айтты?](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/putin-trendy-net-kommentariev-azal-samolet-aktau-1024x576.png)
Ресей президенті Владимир Путин Ақтауда құлаған AZAL ұшағының апатына қатысты ешқандай мәлімдеме жасамайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтқан.
«Ресей президенті Владимир Путиннің Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатына қатысты мәлімдеме жасау жоспары жоқ», – деп хабарлаған Песков.
Әзербайжан тарапының мәлімдемесі
Ал мұның алдында Әзербайжан басылымдары ресми Бакудің барлық дәлелдерді жинап, айғақтар базасын қалыптастырып жатқанын хабарлаған болатын. Apa.az басылымы Ресей кінәсін мойындамаса, Бакудің халықаралық сотқа жүгінуге дайын екенін жазған.
Апат туралы
2024 жылдың 25 желтоқсан күні AZAL-ға тиесілі жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырады. Салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам әртүрлі деңгейдегі жарақат алды. Қаза тапқандар арасында 6 Қазақстан азаматы болған.
Апаттан соң, ұшақтың не себепті құлағанына қатысты түрлі болжамдар айтылды. Біреу оттегі баллоны жарылды деген болжам айтса, екінші әуе кемесінің құстармен соқтығысқанын хабарлады. Ал 4 ақпанда Көлік министрлігі жариялаған комиссияның алдын-ала есебі бұл мәселеге нүкте қоя білді. Есепте ұшаққа сырттан соққы жасалғаны әрі ұшақ жабдықтарынан бөгде металл сынықтары анықталғаны жазылған.