Жаңалықтар

Үкімет байлардан қайтарылған ақшаға Жетісу облысында 60 балаға арнап мектеп салады

Кербұлақ ауданындағы елдімкенде 60 орындық мектеп салынады / Фото: Үкімет

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Көксай ауылында қайтарылған активтер есебінен мектеп құрылысы басталады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Үкімет Арнайы мемлекеттік қордан облыстың Кербұлақ ауданы Көксай ауылында жаңа мектеп құрылысына 1,4 млрд теңге бөлді», – делінген хабарламада.

Үкімет мәліметінше, бұл ауылда бір ғана мектеп бар. Шағын ғимаратта 53 бала екі ауысымда оқуға мәжбүр. Мектепте оқуға қажетті жағдай жасалмаған. Мәселен, қарапайым спорт және акт залдары, асханасы жоқ. Пәндік кабинеттер жетіспейді.

Ал жаңа мектеп ауылдағы сұранысқа сәйкес, 60 орынға салынады. Бұл жоба мектепте орын тапшылығы мәселесін шешіп, қазір ауылда тұрып жатқан 7 жасқа дейінгі 28 бүдіршіннің жаңа білім ошағында білім алуына жол ашады.

Айта кетейік, дәл осындай қаражатқа Ұлытау облысында  80 орындық мектеп салынады.