Әзербайжан «Орыс үйін» жапты – Кремль пікір білдірді
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/russia-azerbaijan-russkij-dom-zakryt-baku-1024x576.png)
Әзербайжан «Орыс үйін» жапты, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған қатысты түсініктеме берді.
Ресей не дейді?
Коммерсантъ ақпаратына қарағанда, Ресей бұл шешімге өкініш білдіреді. Песков диалог арқылы мәселені шеше алады деп үміттенетінін айтты.
«Бұл түсінбестік. Біз бұған өкініш білдіреміз. Бұл мәселені әріптестерімізбен түрлі деңгейде көтереміз. Мемлекет басшысы деңгейінде де көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», - деді Дмитрий Песков.
Әзербайжан уәжі
Мұның алдында Әзербайжан өз аумағында «Россотрудничество» агенттігінің қызметін аяқтауды талап етіп, ресми хабарлама жіберді.
«Әзербайжан өзінің ұлттық мүддесін қорғау бағытын жалғастырып жатыр. Қай жақтан шықса да, ішкі ісіне араласуға төзбейді», – деп жазды Report атты әзербайжандық басылым.
Бұл ақпарат көзінің хабарлауынша, мұндай шешім америкалық USAID агнеттігіне қатысты да қабылданған.
«Орыс үйі» шпиондар ордасы ма?
Әзербайжан үкіметіндегі дереккөз бұл елдің мұндай қадамға не үшін барғанын түсіндіре кеткен. Оның сөзіне қарағанда, Әзербайжанның өзі донор елге айналған. Сырттан келетін көмекке мұқтаж емес. Оның үстіне, бұл «көмек» ашық емес схемалар арқылы жасалып келген. Бұл ұйымдардың құрылымдарына барлау қызметінің сипаты басым.
Бұл аз болса, Әзербайжан үкіметі қаржыландыратын Baku.tv «Орыс үйін» шпиондық қызмет атқарады деп тікелей айыптаған болатын.
Ұшақ апатының салдары
«Россотрудничество» бұл БАҚ-пен «жала жапқаны» үшін сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
Ресейдің Грозный қаласына ұшқан Әзербайжан әуежолдары компаниясының AZAL ұшағы Ақтау маңында апат болды. Алдын ала қорытынды растағандай, құлаған ұшақтың Шешенстан аспанында әуе қорғанысы шабуылына ұшырауы мүмкін. Баку бұл үшін Ресейді айыптады.