Тимур мен Динара Құлыбаевтар мемлекетке 7 миллиард доллар қайтаруы қажет – Ермұрат Бапи

Жарияланды
«`Ең бай олигарх бір миллиардпен құтылса, қалғандары миллиондармен құтылады, – дейді Бапи /фото: ашық дереккөз

Парламент депутаты Ермұрат Бапи Kursiv.Mediaға бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаевтың бір миллиард АҚШ долларын қайтаруына қатысты пікір білдірді.

Оның ойынша, бұл қаражат Құлыбаев үшін тым аз. Жоқ дегенде бұл отбасы мемлекетке 7 миллиард АҚШ доллар қайтару қажет. Оның сөзіне қарағанда, олигарх сүйек лақтырып, шетелге әкеткен қаражатын заңдастырып алмақ.

Тимур мен Динара Құлыбаевтардың активі 9 миллиардтан асады

Депутат Құлыбаевтың және «ескі Қазақстанның» басқа да олигархтары заңсыз жылыстатып әкеткен активтерді қайтармаудың амалын жасап жатыр деп есептейді.

«Мұны «жарна» деп қоғамды алдарқатуы заңға томпақ келеді. Активтерді қайтару жөнінде заң бар. Онда жүз миллионнан аса активтерді ығыстырған тұлғаның мәселесі осы заң негізінде қаралады», – деді депутат.

Ермұрат Бапи Тимур мен Динара Құлыбаевтардың ресми көрсетілген активі 9 миллиардтан асатынын алға тартты. Бұл – Forbes мәліметі.

«Соңғы 20 жыл көлемінде Қазақстанның мұнай саласы толықтай Құлыбаевтың бақылауында болды. Сыртқа шығарылған активтердің дивиденді бар, басқа да өсімі бар. Қазір бұл қаражат 9 миллиардтан әлдеқайда көп», – дейді депутат.

Әлемнің 22 еліндегі жүздеген компанияда үлесі бар

Депутат заңсыз шетел асқан қаржыны түгелдей елге қайтаруға шақырып отыр.

«Құлыбаевтың әлемнің 22 елінде жүздеген компанияда үлесі бар. Осы қисынға тоқталсақ, бір миллиард доллар төлеп құтылу ­әділетке сай келмейді. Заңсыз жылыстатқан активтерін мемлекетке толық қайтаруы қажет. Оның басқа да байлығы жетіп артылады», – дейді Ермұрат Бапи.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда бюджет тапшылығы бар. Сондықтан қайтарылатын активтердің маңызы зор.

«Осындай жағдайда сүйек лақтырып, құтылып кету қоғамның көңілінен шықпайды. Меніңше, активтерді қайтару туралы заңның негізінде өз еркімен немесе мәжбүрлеу арқылы активтерді қайтару қажет. Ол активтер бір миллиард доллардан әлдеқайда көп», ‑ деп пайымдайды Ермұрат Бапи.

Бір миллиард – алдарқату

Депутат Ермұрат Бапидің активтерді қайтару науқаны сәтсіз шығуы мүмкін деген күдігі бар.

«Соңғы 20 жылда шетелге шығарған активтерінің жартысын қайтарса, онда оған сенуге болар еді. Кем дегенде 5-7 млрд АҚШ доллары көлемінде қайтаруы керек. Бір миллиард – алдарқату. Бір миллиард беріп, заң талабы бойынша өзін қудалаудан құтқарудың амалы», – дейді депутат.  

Оның сөзіне қарағанда, Құлыбаевтың өзі бір миллиард қана қайтарса, басқа олигархтар да оңай сытылып кетуі ғажап емес.

«Онда біз сыртқа кетті деген 200 млрд АҚШ долларын қайтарып ала алмаймыз. Есебі де шықпайды. Ең бай олигарх бір миллиардпен құтылса, қалғандары миллиондармен құтылады», – дейді Бапи.

Оның айтуынша, бұл – елдің қазынасынан ұрланып-жырланған қаражат. Халықты алдауға жол бермеу қажет.

«Онсыз Президент Тоқаевтың әділетті Қазақстан құру туралы бастамасын құрдымға жібереміз», – дейді депутат.  

Депутаттардың құзыреті жоқ

Ермұрат Бапи депутаттардың бұл істі бақылай алмайтынын айтып отыр. Өйткені бұл келіссөздер құпия жүруде.

«Біздің ашық ақпарат көздеріне сенуден асқа амалымыз жоқ. Парламент депутаттарының да мұны тексеруге құзыреті жетпейді. Өйткені қайтару процесі құпия түрде жүріп жатыр», – деді ол.

Мұның алдында  Bloomberg Тимур Құлыбаев мемлекетке шамамен 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Олигарх өкілдері мұның «заңсыз активтерді» қайтару емес, «жарна» деп атап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз