Жаңалықтар

Атырау облысында қант зауыты салынады

Қазақстанда бесінші қант зауыты пайда болады / Фото: shutterstock

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, «Голдбридж халықаралық компаниясы» Атырау өңірінде ірі қант зауытын салмақшы. Өндіріс орны жылына 144 мың тонна қант шығарады деп жоспарланып отыр.

Бұл зауыт ішкі нарықтағы қантқа деген сұранысты қанағаттандыру үшін салынады. Жоба құны 58 млрд теңге деп бағаланып отыр, жаңа 200 жұмыс орны ашылуы керек.

«Аталған көлемдегі қант өндіру үшін шамамен 900 000 тонна қызылша немесе қант құрағы шикізаты қажет болады. Инвестор атыраулық компаниямен келіссөздер жүргізді, ол қант қызылшасын өсіруге дайын», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

2024 жылдың көрсеткішіне қарасақ, елімізде 25,2 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген. Ал ол қызылшаны өңдейтін зауыт Қазақстанда төртеу ғана. Олардың қуаты ішкі нарықты толығымен қантпен қамтамасыз ету үшін жетпейді. Сол кезде депутаттар қант өндірісін дамытуды басты бағыт ету керек деп мәлімдеген еді.