Әйгілі Nutella-ға 60 жыл. Балаңыз жақсы көретін шоколадтың тарихын білесіз бе?

Жарияланды 7 Ақпан 2025 15:04

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Nutella шоколадының тарихы / Фото: shutterstock

Баршамызға танымал Nutella шоколад пастасына биыл 60 жыл толады. Бұл бренд қалай пайда болған және неге сонша әйгілі? Kursiv шолуында ұсынамыз

Nutella-ны кім ойлап тапты?

Алғашында барлығы қарапайым басталған. 1942 жылы Италияның Альба қаласында тұратын наубайшы Пьетро Ферреро тәттілер дүкенін ашады. Екінші дүние жүзілік соғыс жүріп жатыр. Соғыс уақыты, шоколад өте тапшы.

Ферреро какаоны үнемдеу үшін түрлі тәжірибе жасауға кіріседі. Бірде шоколадқа үгітілген жаңғақтарды араластырып, тәтті әрі тойымды пастаны жасап шығарады. Қызығы, бұл өнім бастапқыда кедейлерге арналған екен. Таза шоколадты сатып ала алмаған халық осылай жаңғақ араласқан тәттіні сатып алады. Оны қатты плитка күйінде де, паста күйінде де сатқан.

1946 жылы Альба қаласында паста өндіретін «Ферреро» деп аталатын бірінші зауыт ашылады. Бүкіл Италияда шоколад пастасы ерекше танымал болады.

Неге Nutella деп аталды?

Бастапқыда Ферреро өзінің өнімін «Pasta Gianduja» деп атаған. Бірақ басқа елдің нарығына шыққанда бұл атау кедергі келтіреді. Айтуға тым қиын болған. Бірнеше жылдан кейін оны «Supercrema» деп өзгертеді.

Ал 60-жылдары Пьетро Феррероның ұлы Микель Ферреро пастаның құрамын аздап өзгертіп, «Nutella» деп атайды. Түбіріндегі «nut» сөзі жаңғақ деген мағынаны білдіреді. Ал «ella» сөзі шоколад атауына нәзіктік, ерекшелік беру үшін қолданылады.

Әкесі тәрізді Микеле де өнертапқыш және новатор еді. Ол тіпті сатып алушылар арасында құпия сауалнама жүргізіп, жаңа, ерекше өнімдер ойлап табуға тырысады. «Киндер-Сюрприз», «Ферреро Роше» конфеттері, «Киндер Буэно» батондары және «Тик-Так» тәттілері дәл осы Микеленің тұсында пайда болған. «Ферреро» компаниясынан қазір брендке айналған бас-аяғы 20-ға жуық тәтті өнімдер шығады.

Әлемді бағындыру

Nutella-ның бірінші банкасы 1946 жылдың сәуірінде шығарылды. Мамырда бүкіл Италия дүкендерінде Nutella пасталары тұрады. Көшедегі жарнама бильбордтарында белсенді жарнама кампаниясы жүргізіле бастайды.

  • 1966 жылы шоколад Францияда сатылымға шығады.
  • Сол жылы Швейцарияда, Цюрихте Феррероның кеңсесі ашылады.
  • Сондай-ақ Ұлыбританияда Ferrero United компаниясы құрылады.

1967 жылы Nutello Италиядағы ең танымал веложарыстың демеушісі болады. Жарысып жатқан велосипедшілердің соңынан тәтті толтырылған үлкен жүк көлігі жүріп отырған.

Осыдан кейін италиялық шоколад АҚШ пен Латын Америка нарығын бағындырады.

Nutella неге пальма майын пайдаланады?

Бұл тауарға қатысты айтылу керек бір мәселе бар. Ферреро компаниясы ашық түрде шоколад пастасының құрамына пальма майын қолданатынын мойындайды. Өнімнің 20%-ы дәл осы майдан тұрады.

Тіпті бір жылдары италиялық компания пальма майының пайдасы жайлы белсенді жарнамалық кампания жүргізген. Кәсіпорын иелерінің сөзінше, бұл өсімдік майы шоколадты ерекше тәтті ете түседі. Әрі өндіріс үшін арзан шикізат түрі.

Пальма майы – майлы қышқылдар үлесі жоғары өсімдік майы. Диетологтар бұл қышқылдар қандағы холестерин деңгейін тым қатты көтеріп жібереді деген пікірде.

Отбасылық бизнес

Бүгінде кішкентай дүкеннен басталған Ферреро компаниясы үлкен халықаралық холдингке айналған. Оның штаб-кеңсесі Люксембургте орналасқан. Компанияның ақпаратынша, әрбір 2,5 секунд сайын Nutella банкасы сатылады.

2022-2023 жылдар аралығында Nutella сатылымын 20%-ға көбейтіп, жылдық түсімі 17 млрд еуроға жеткен.

Кәсіпорын әлі де отбасылық бизнес деп есептеледі. Кондитерлік өнімдер шығаратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі, дүние жүзі бойынша 47 мың адам жұмыс істейді. Пьетро Феррероның немересі, компанияның бас директоры Джованни Ферреро ең бай бизнесмен ретінде Forbes тізіміне кіреді.

Nutella жайлы қызық деректер:

  • 2009 жылы Facebook-тегі ең көп қаралған парақшаның бірі – Nutella еді. Бірінші орынды тек Барака Обама мен Coca-Cola парақшалары бөліскен.
  • Пастаның құрамы барлығына белгілі тәрізді. Бірақ оның жасалу тәсілін компания иелерінен бөлек ешкімге нақты айтылмайды
Сондай-ақ оқыңыз