2024 жылы қазақстандық банктер бизнеске несие беруді көбейтті
![банктер](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/bank-bank-1024x576.png)
2025 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша, елімізде екінші деңгейдегі 21 банк бар. Оның ішінде 12 банк шетелдіктер қатысуымен жұмыс істейді. Былтыр қаржы ұйымдарының несие портфелі ұлғайып, банк нарығы жақсы көрсеткіш байқатты. Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2024 жылға осындай қорытынды жасады
2024 жылы банктердегі актив ұлғайды. Оған несие портфелінің 20,0-ға өсуі яғни 61,6 трлн теңгеге дейін көбеюі себеп болған.
Ал өтімділігі жоғары активтері 18,2 трлн теңге болды. Бұл өз кезегінде банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді дейді агенттік мамандары.
Былтыр еліміздегі банктер барлығы 36,2 трлн теңгеге жаңа кредит берген. Бұл 2023 жылмен салыстырған 19,5%-ға артық.
Бизнеске қандай көмек көрсетті?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бизнес нысандарға берілетін несиелердің пайыздық мөлшері жоғары. Бірақ соған қарамастан 2024 жылы берілген кредит 16,3%-ға 13,1 трлн теңгеге дейін өсті
«Бизнеске кредиттер портфелі өсімінің негізгі драйвері 46,6%-ға 2,3 трлн теңгеге дейін ұлғайған дара кәсіпкерлерге берілетін кредиттер болып табылады», – деп жазылған хабарламада.
Ал шағын және орта бизнес нысандарына ұсынылған қарыздар 2024 жылы 13,1%-ға 6,5 трлн теңгеге дейін өсті. Ірі бизнес 4,4 трлн теңге көлемінде қарыз берілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,8%-ға артық.
Жалпы экономиканың барлық салаларында бизнес несиелер өсімі байқалды. Әсіресе, өнеркәсіп, сауда, құрылыс, көлік саласы және қызмет көрсету салаларына берілген несиелер көлемі ерекше өсім көрсетті.
«2024 жылы бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 18,2 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17,2%-ға артық. Бұл ретте 2024 жылғы желтоқсанда 2,1 трлн теңге берілді, бұл өткен аймен салыстырғанда 15,4%-ға артық», – деп хабарлайды реттеуші.
Бизнестегі цифрландыру процесі және банктің скоринг модельдерінің жетілуін байланысты кепілсіз кредит үлесі де артты. Оның көлемі 2024 жылы 20,5%-ға дейін өсті.
Қарапайым азаматтарға қанша несие берілді?
2024 жылы халыққа берілген несие көлемі 20,7 трлн теңгені құрады. 2023 жылмен салыстырғанда өсу тек 1,7%-ды құраған. Көпшілік үшін ипотека ең танымал несие болып тұр.
«Халыққа берілетін кредиттер құрылымында ипотекалық кредиттер 2024 жылы 14,5%-ға 6,1 трлн теңгеге дейін өсті. Ипотекалық портфельдегі нарықтық бағдарламалардың үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 26,6% – дан 30,2%-ға дейін ұлғайды. 2024 жылы тұтынушылық қарыздар 2023 жылғы 34,2%-дан баяулап, 33,5%-ға 13,8 трлн теңгеге дейін өсті (2024 жылғы желтоқсанда 1,9%-ға өсу)», – деп жазылған агенттік мәлімдемесінде.
Бұл сегменттегі несие портфелінің сапасы да жақсы. 2025 жылғы 1 қаңтарындағы есеп бойынша, 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы бар борыштар жалпы несие портфелінен 3,1%-ды немесе 1 094 млрд теңгені құрады.
Банктердің депозит көлемі өсті
Өткен жыл қорытындысы бойынша, резиденттердің депозиттері 19,1% – ға 41,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Агенттік мамандарының есептеуінше, жеке тұлғалардың депозиттері 22,6 трлн теңгеге дейін, заңды тұлғалардың депозиттері 18,7 трлн теңгеге дейін көбейген.
Ал былтырғы нәтиже бойынша, банктердің таза пайдасы 2,6 трлн теңгені құрады. Бұл 2023-пен салыстырғанда 17,1%-ға көп.