Жаңалықтар

Қаржы нарығын реттеу агенттігі Санжар Боқаевтың күдігін теріске шығарды

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы қалай жүзеге асырылды / Фото: shutterstock

Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2015 жылдан бері қарыз алушылардың баспанасын сақтауға және борыш жүктемесін едәуір төмендетуге бағытталған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бағдарлама әлі де жалғасып жатыр және қаражат жымқырылды деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Реттеуші осылай деп мәлімдейді.

Аталған бағдарлама аясында 48,4 мың адамға 318,2 млрд теңге көлемінде көмек берілген.

«Бағдарлама шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды күшейту мақсатында борыш жүктемесін азайту, сондай-ақ банктердің балансындағы жалғыз баспананы меншікке қайтару түрінде қосымша қолдау шаралары іске асырылды. Мемлекеттің көмегін 10,6 мың қарыз алушы алды», – деп жазылған агенттік хабарламасында

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында проблемалық ипотекалық қарыздардың үлесі 0,7%-ға дейін төмендеген. Жобаға қатысты ақпараттың барлығы жалпыға қолжетімді және агенттік оны тұрақты түрде жариялап отырады.

«Осыған байланысты әлеуметтік желілерде ықтимал қаржылық бұзушылықтар, атап айтқанда, Бағдарламаны іске асыру кезінде қаражатты жымқыру туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді«, – деп мәлімдейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Боқаев не дейді?

Агенттіктің мұндай мәлімдеме жасауына себеп болған – саясаткер Санжар Боқаевтың мәлімдемесі. Ол өзінің әлеуметтік желісінде жариялаған видеосында Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына бөлінген ақша қолды болған дейді.

Ол видеосында Алексеев Александар есімді азаматпен тілдеседі. Ол ипотека арқылы баспана алып, 2013 жылға дейін төлеп келген. Қаржысын төлей алмаған соң үйді қайтарып берген. Бірақ 10 жылдан кейін оған ипотека үшін қарызы төленбеген деп ескерту келеді. «АФ Ипотека» АҚ оған 100 млн теңге қарыз деген есеп береді.

Боқаевтың сөзінше, осылай қарызын өтеген борышкерлерді ешкім тізімнен өшірмеген. Керісінше олардың қарызын бірнеше есе ұлғайтып, проблемалы борышкер етіп көрсетеді. Және сол арқылы ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында қаржы алып отырған.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Мен сіздерге айтамын, Ұлттық Банк арқылы бөлінген ақша қажетті жеріне толық жетпеген. Өтініш тексеріңіздер», – дейді Боқаев видеосында.