Еңбек дауы: Ақтауда «Каскор-Машзавод» жұмысшыларының ереуілі аяқталды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Ақтаудағы «Каскор-Машзавод» кәсіпорынында жұмысшылар ереуілі тоқтады / фото: t.me/kaskormashzavod

Маңғыстау облысында «Каскор-Машзавод» мен «Caspian Service Pro» кәсіпорындарындағы ереуіл бүгін кешке аяқталды. Екі күн бойы ереуілдеген 200-ге жуық жұмысшы мен жұмыс беруші ортақ келісімге келіп, еңбек дауын шешу жөніндегі хаттамаға қол қойды.

Еңбек дауына не себеп?

Ақтаудағы өндіріс аймағында орналасқан зауыттағы ереуіл 6 ақпанда басталып, сол күні жұмысшылардың басым бөлігі түнгі сағат 1-ге дейін мекеме алдында тұрды. Олар бүгін таңертең ереуілге қайта жиналып, кешкі сағат беске дейін жұмыс берушімен арадағы келіссөздер нәтижесін күтті.

«Талаптарымызды биыл қаңтар айының ортасында басшылыққа хат жүзінде жолдадық. Сол аралықта кәсіпорын басшы ауысып, мәселе ұзаққа созылып кетті. Екі-үш күн бұрын «екі айдың жалақысын төлеп, жұмыстан қысқартамыз» деп ескертті. Оған келіспеген жұмысшылар ереуіл бастады. Ереуілде екі жүзге жуық адам тұрдық», – дейді осы кәсіпорында оператор болып істейтін Сергей Жұмақанов Kursiv Media тілшісіне.

Еңбек дауы кәсіпорынды Ақтаудан Жаңаөзен қаласына көшіру шешіміне байланысты туындаған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министрге, өңір басшыларына жолдаған үндеуінде жұмысшылар «250 адамды қысқартып, Жаңаөзен қаласында ашылғалы жатқан мекемеге тек жаңаөзендік тұрғындарды алатынына» наразы екенін жеткізген, жұмыс тауып беруді талап еткен.

Жартыкеш айлық

Екі күнге созылған келіссөздер барысында «Каскор-Машзавод» бас директоры Жандос Ғазиз еңбек дауын шешудің екі нұсқасын ұсынды.

  • Біріншісі нұсқа: жұмыс көлемі болмаған кезеңде, бірақ 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін соңғы 12 айдағы орташа табыстың 50 пайызы мөлшерінде төлем жүргізіледі.
  • Екінші нұсқасы: келісімшартты бірден тоқтата отырып, бірнеше орташа төлемдер мөлшерінде біржолғы төлем жасау.

Ереуілдегі жұмысшылардың дені екі ұсыныстың бірінші нұсқасына келіскен.

«Жыл аяғына дейін айлықтың елу пайызын төлеп отырады. Бірінші цех бір аптаның ішінде 50 пайыздық айлыққа кетеді. Ал екінші цехтың бірнеше айлық жұмыс көлемі бар, соны аяқтап олар да 50-ге шығады», – дейді кәсіпорын жұмысшысы.

Оның айтуынша, кәсіпорындағы жұмысшылардың айлығы шамамен 200 мың теңге.

Үміт пен күдік

Жарты айлыққа келіскен жұмысшылар басшылықтың жаңа жұмысқа шақыру жөніндегі уәдесіне үміт артып отыр.

«5-6 ай ішінде басталуы тиіс үш жаңа жобасы бар. Шағын емес, көлік шығаруға қатысы бар үлкен зауыт ашылғалы жатыр. Соған шақырғанын күтеміз. Жаңаөзенге ешкім бармайтын болды. Ұсынысқа келіспейтіндер бар – шамамен 10 пайызы.

Басқа амал жоқ. Жағдай соған келіп тірелді. Жаңа жұмыс тапқандар кете береді. Егер жұмыстан қазір шығам десе, қолына екі айдың жалақысын ұстадады. Ереуілде бүгін кешкі беске дейін тұрып, қол алысып кеттік«, – деді Сергей Жұмақанов.

Бұған қоса, келіссөздер барысында қабылданған хаттамада жұмысшылар ереуілде өткізген екі күні үшін жауапкершілікке тартылмайтыны жазылған. Сонымен бірге, кәсіпорын жұмысшысының айтуынша, қаңтардан бастап жалақы 15 пайызға көтерілетін болды.

1990 жылы құрылған «Каскор-Машзавод» бұрғылауға, мұнай кәсібіне, энергетикаға, тағы басқа да құрал-жабдықтарды өндірумен және жөндеумен, құбырлар мен құралдарды жөндеумен айналысады. Кәсіпорын «KazPetrodrilling» акционерлік қоғамына қарайды.

«KazPetrodrilling» компаниясы негізінен республиканың батыс өңірлерінде жұмыс істейді. Компания есебінде «KazPetrodrilling» акционерлік қоғамының қожайындары деп Гайдар Адамсопиев (85%), Асқар, Алдияр және Бахтияр Балжановтар (15%) көрсетілген. Компания акционерлері: «Тенгри Инвестмент» (70%), «ВТ Стандарт» (15%) және «АКБ-Инвест» (15%).

Сондай-ақ оқыңыз