![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/kazkor-mashzavod-zhumysshylary-ereuilge-shyqty-1024x576.png)
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының өндіріс аймағында орналасқан «Каскор-Машзавод» кәсіпорнының ондаған жұмысшысы 6 ақпанда мекеме алдына жиналып, ереуіл талабын жариялады.
Ереуілшілер талабы
Жұмысшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министр Олжас Бектеновке, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға, сонымен бірге облыстың еңбек қорғау басқармасы басшысына үндеу тастады. Оны жергілікті «Лада» басылымы жариялады.
«Біз, Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы «Каскор Машзавод» ЖШС ұжымы, 2025 жылдан бастап жұмыстан жаппай қысқартылғандықтан ереуілге шықтық.
Ереуілдің басты себебі – Маңғыстау облысының әкімі Қилыбайдың тікелей нұсқауымен, Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздықты жою мәселесімен, «Каскор Машзаводты» Жаңаөзен қаласына көшіріп отыр.
Осы уақытқа дейін бұрынғы басшы Болат Арқаров («Каскор Машзавот» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы) Жаңаөзен қаласына ауысқан уақытта қызметкерлермен бірге көшетіндігін айтып уәде берген.
Алайда белгісіз себептермен 2025 жылғы қаңтарда мекеме басшылығына Ғазиз Жандосов тағайындалды. Ол 250 адамды қысқартып, Жаңаөзен қаласында ашылғалы жатқан мекемеге тек жаңаөзендік тұрғындарды алатынын айтып отыр.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/kaskor-mashzavod-zabastovka-1024x576.png)
Біздің түсінбей отырғанымыз – Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздықты жою үшін Ақтау қаласындағы жұмыссыздықты арттыру ма?
Сонымен бірге, Ақтау қаласы тұрғындарының Жаңаөзен тұрғындарынан айырмашылығы неде?
Басты талабымыз – бізді осы мекемеде қалдырып, жұмыс тауып беруіңізді талап етеміз. Себебі – барлығымыз несие төлеп, отбасы асырап отырмыз. Біздің қазіргі жағдайымызға бейтарап қарамай, істі жедел қолға алып, талапты орындауыңызды сұраймыз», – деп жазылған кәсіпорын жұмысшыларының басшылыққа үндеуінде.
Жұмыс беруші не дейді?
1990 жылы құрылған «Каскор-Машзавод» бұрғылауға, мұнай кәсібіне, энергетикаға, тағы басқа да құрал-жабдықтарды өндірумен және жөндеумен, құбырлар мен құралдарды жөндеумен айналысады. Кәсіпорын «KazPetrodrilling» акционерлік қоғамына қарайды.
«KazPetrodrilling» өкілдері «Каскор-Машзавод» кәсіпорының ереуілге шыққан жұмысшыларымен кездесу үшін Ақтау қаласына барып, жұмысшылармен екі күннен бері келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.
«Түсінік бар. Ортақ шешімге келе жатырмыз. Барынша тездетіп шешу үшін осында жүрміз. Жұмысшылар қысқартылмайды«, – деді компанияның әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Бекнұр Бейсенов Kursiv.Media тілшісіне.
Оның айтуынша, жұмысшылармен арадағы келіссөздер кеше басталған, бүгін де жалғасады.
«Каскор-Машзавод» кәсіпорнынына иелік ететін «KazPetrodrilling» компаниясы негізінен республиканың батыс өңірлерінде жұмыс істейді. Компания есебінде «KazPetrodrilling» акционерлік қоғамының қожайындары деп Гайдар Адамсопиев (85%), Асқар, Алдияр және Бахтияр Балжановтар (15%) деп көрсетілген. Компания акционерлері: «Тенгри Инвестмент» (70%), «ВТ Стандарт» (15%) және «АКБ-Инвест» (15%).