Авто

«Lexus дауы»: Алматы полициясы жалған ақпарат таратушыны анықтау үшін қылмыстық іс қозғады

Lexus сыйлағаны туралы жалған ақпарат таратқандарды анықтау үшін қылмыстық іс қозғалды / фото: shutterstock

Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев мекеме басшысы Арыстанғани Заппаровтың әйеліне Lexus LX 600 автокөлігін сыйлапты-мыс деген мәліметтің таралуы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. 28 қаңтарда А.Р. Заппаров әлеуметтік желіде өзіне қатысты шыққан ақпаратты ресми түрде теріске шығарған болатын. Аталған факті бойынша Алматы қаласы ПД-мен ҚК-нің 247-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді (көрінеу жалған ақпарат тарату). Бүгінгі таңда тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Kursiv.Media тілшісіне.

Министрлік өкілінің айтуынша, жалған ақпарат таратушы күдіктілер қылмыстық іс аясындағы «тергеу барысында анықталады».

Бұған дейін, биыл 27 қаңтарда «Республика» басылымында «Лексус LX 600» деп аталатын материал жарияланып, онда автор Алматыдағы мейрамханалардың біріндегі салтанатты кеште Ержан Ұзабаев көпшілік алдында қалалық полиция департаменті басшысының әйеліне құны шамамен 100 мың доллар тұратын Lexus LX 600 автокөлігін сыйға тартты деп жазған.

Артынша-ақ Заппаровтың өзі мәліметті жоққа шығарып, «жеке басын қаралауды көздейтін жалған ақпарат» екенін айтқан.