«Ломбард СФП» мекемесі шағын несие қызметін жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлайды.
Бұйрыққа агенттіктің Қарағанды қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы бастығы биыл 6 ақпанда қол қойған.
Мұндай шешім қабылдауға «уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамауы» себеп болған.
Қаржы мекемесі бір ай ішінде атауынан «ломбард» деген сөзді, шағын несие беруді болжайтын сөздерді немесе аббревиатураларды алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
«Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар Ломбард клиенттері, ломбард алдындағы міндеттемелердің орындалуын бұзғаны үшін, микрокредит беру туралы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жауапты болады«, – деп ескертті ҚНРДА.
Естеріңізге сала кетейік, агенттік 2024 жылғы желтоқсанда «Абай несие» мекемесінің, ал былтыр жазда шағын несие берумен шұғылданған төрт бірдей қаржы мекемесінің: «Ұлдан-ломбарды», TIYN-S, «Ломбард «Аль-Фараби» және «Бренд Ломбард» лицензияларын үш айға тоқтатқан.