![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/2022-10-12t080521z_354783168_rc21ds7e29if_rtrmadp_3_ukraine-crisis-energy-druzhba-1024x683.jpg)
2024 жылы Ресейдің Украина құбыр жүйелері арқылы мұнай тасымалдау көрсеткіші 15 пайызға, яғни 11,5 млн тоннаға (тәулігіне 230.3 мың баррель) азайды.
Ресей мұнайын экспорттау неге азайды?
Мәліметті Reuters агенттігі «Ведомости» газетінің дерегіне сілтеме жасай отырып таратты.
Газеттің Ресей Энергетика министрлігі мәліметтерімен таныс екі дереккөзінің айтуынша, федерацияның батысқа мұнай экспортының 42%-ы Венгрия үлесіне тиесілі. Былтыр Венгрия Ресейден 4,8 млн тонна мұнай алған. Словакияға мұнай экспорттау көрсеткіші 13%-ға, яғни 4 млн тоннаға, ал Чехияға мұнай жеткізу 2,7 млн тоннаға дейін кеміген.
Ресей мұнайды Украина аумағымен КСРО кезінде салынған «Дружба» мұнай құбыры арқылы экспорттап отыр. Оның оңтүстік тармағы Венгрия, Словакия және Чехия, солтүстік тармағы Польша мен Германияға тартылған.
Қазақ мұнайына сұраныс артты
Германия мен Польша 2023 жылы Украинадағы жанжалға байланысты Ресей мұнайын сатып алудан бас тартты. Германия енді дәл осы бағыт арқылы Қазақстаннан мұнай экспорттап отыр.
Reuters мәліметінше, Германия 2024 жылы «Дружба» құбыры арқылы Қазақстаннан 1,5 млн тонна мұнай сатып алған.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республика Германия нарығына мұнай экспорттауды арттыруға дайын екенін, ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ГФР бір жылда 2,5 млн тонна мұнай сұрап отырғанын мәлімдеген.