Жаңалықтар

Антикор Атырау мұнай өңдеу зауытының мердігер компаниясын тексеріп жатыр

АМӨЗ-де тексеріс жүріп жатқаны рас па / Фото: kursiv.media

Антикор Атырау мұнай өңдеу зауытының мердігер компаниясын тексеріп жатыр. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы АМӨЗ баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұған дейін БАҚ-та Антикор мұнай өңдеу зауытында тексеріс жүргізіп жатыр деген ақпарат тараған.

«Антикордың тексерісі зауыттың мердігер компаниясына қатысты жүргізіліп жатыр. Бұған дейін АМӨЗ-дің Қауіпсіздік қызметі Баяу кокстеу қондырғысына (УЗК) жөндеу жүргізген мердігер компанияға қатысты заң бұзушылықтарды анықтап, сот органдарына 13.12.2024ж. жүгінді. Сонымен қатар, АМӨЗ материалдарды Экономикалық тергеу департаментіне де жолдады», – делінген хабарламада.

Зауыттағы кейбір құжаттар тек мердігер компанияға қатысты тергеу аясында тексерілген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатқандықтан, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

«Қазіргі уақытта кәсіпорын штатты режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік процесте кідіріс жоқ», – делінген хабарламада.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 29 қаңтарда бұл зауытқа қатысты тергеп-тексеруді бастаған. Агенттіктің хабарлауынша, бұған мұнай өнімдерін өткізу көлемі мен баға қарқынына қатысты талдау түрткі болған.