Голан үстіртіндегі бітімгерлер БҰҰ медалімен марапатталды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Голан үстіртіндегі бітімгерлер марапатталды / Фото: Қорғаныс министрлігі

Голан үстіртіндегі қазақстандық бітімгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының медалімен мараптталды. Төсбелгіні Гана Республикасының армия генералы, Бітімгерлік миссияның қолбасшысы Анита Асма табыстады

Қазақстанның дербес бітімгерлері Сириядағы Голан үстіртіндегі атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету міндетін атқарып жүр. Фауар базасында қызмет ететін 139 әскери қызметші мен төрт штаб офицері осы халықаралық марапатқа ие болды.

«Бітімгерлер БҰҰ базаларын қорғап, жергілікті халықпен өзара қарым-қатынас орнату жұмыстарын жүргізеді. 11 ай ішінде олар 200-ге жуық жарылмаған снарядты залалсыздандырып, медициналық көмекке мұқтаж БҰҰ қызметкерін эвакуациялады. Өткен жылдың желтоқсанында қауіпті аймақтан БҰҰ персоналын сәтті шығару барысында қазақстандық әскери қызметшілер жоғары деңгейдегі кәсібилігін, келісілген әрекеттерін және жедел қимылдау қабілетін көрсетті», делінген хабарламада,

Айта кетейік, Қазақстан 2024 жылдың наурызында алғаш рет Голан жоталарында дербес бітімгерлік контингентін жіберді.

Голан үстіртіне бітімгерлен не үшін барды

Голан үстірті  – Сирия мен Израиль шекарасында орналасқан даулы аймақ. Халықаралық ұйымдар бұл аумақ Сирияның бөлігі деп таниды. Дегенмен Сирия Голан жоталарының тек шығыс бөлігін бақылауда ұстап отыр.

Басқа бөлігі Израиль қарамағында. 1981 жылы Израиль оның көп бөлігіне аннекция жасап алған. Осман империясы кезінде Палестина аумағы болған. Кейіннен британдық және француздық жер бөлісі кезінде Франция аумағына кіріп, Сирияның бір бөлігіне айналған.

Сирия мен Израиль шекарасындағы қазақстандық бітімгерлердің елге оралуын БҰҰ шешеді.

Сондай-ақ оқыңыз