Жаңалықтар

Қосшыдағы өрт сөндіру депосының құрылысы 4 жылдан бері аяқталмай келеді

Олжас Бектенов Қосшы қаласының бас жоспарымен танысты / Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Астананың түбіндегі Қосшы қаласында салынып жатқа өрт сөндіру депосының құрылысы қолға алынғанына 4 жыл болған. Алайда жұмыстың тек 60%-ы аяқталған. Бұл туралы премьер-министр Олжан Бектеновтың Қосшы қаласының бас жоспарымен танысуы барысында  белгілі болды.

Мердігер ұйым нысанды салып бітуге қаржы жетпей тұр деп тұжырымдайды.

Шарт бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған нысан құрылысына 1,2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Олжас Бектенов қосымша қаржы қарастырылмайтынын, қаражат тек ЖСҚ-ға енгізілген сома шегінде бөлінетінін айқан.

«Премьер-министр мердігерлік ұйымнан жақын арада жұмыстарды аяқтауды талап етті, орындалмаған жағдайда шарт бұзылады», – делінген үкімет хабарламасында.

«Сирень бағы» тұрғын үй кешенінің мәселесі шешіледі

Сонымен қатар, 537 үлескердің, оның ішінде «Сирень бағы» тұрғын үй кешенінің көпжылдық мәселесіне назар аударды.

«Жаңа мердігер қала күніне орай 106 тұрғынға баспана кілті табысталады деп уәде беріп отыр, тағы 209 отбасы жақын арада көптен күткен жаңа үйлеріне қоныстанады», – делінген хабарламада.

Қосшы қаласының жаңа бас жоспары 2038 жылға қарай 150 мың адамға есептелген.