Жаңалықтар

Бұхара қазақтары және қазіргі картаның қалыптасуы – Qalam өткен аптада не жазды?

Qalam өткен аптада не жазды? Фото: shutterstock.com

Демалыс күнін пайдалы өткізу үшін міндетті түрде үйден шығып, физикалық белсенділікпен айнылсудың қажеті жоқ. Күн өнімді болуы үшін сізге тек кез келген бір гаджет қажет десек, сенесіз бе? Сөзіміздің өтірігі жоқ. Себебі Qalam.global ғылыми-танымдық порталында өткен аптада көп пайдалы мақала жарияланды. Арасынан үздіктерін таңдап алып, тізім әзірледік. 

Таяу Шығыс мемлекеттерінің қазіргі шекаралары қалай және қашан қалыптасты?

Тарих қашан да қызық. Ал дүниежүзі тарихы тіпті қызық. Алпауыт елдердің бүгінгі күнге қалай жеткені жайлы деректерді оқып тауысу кейде мүмкін еместей де көрінеді. Ал сіз бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания империясы араб жерлерін қамтитын Осман империясының бұрынғы аумақтарын мандат ретінде иемденіп, бұл үдерісте шешуші рөл атқарғанын білген бе едіңіз? Ұлттар Лигасы жеңіске жеткен мемлекеттерге осы жерлерді басқаруды тапсырып, оларды «А» санатындағы аумақтар қатарына қосты және бұл елдерге жақын арада тәуелсіздік беруге уәде етілді. Ұлыбританияға Месопотамия, Палестина және Трансиордания (қазіргі Ирак, Израиль, Палестина және Иордания) аумақтары берілді. 

Неліктен Британияға дәл осы аймақтар берілді? Аралық соғыс кезінде империя ұстанған саясат қаншалық ұтымды болды? Оның салдары неге ұшыратты? – Осы және өзге де сұрақтарға Qalam-да жарияланған «Британдықтардың Таяу Шығысты бөліске салуы. Мандаттық жүйенің қанды тарихы» деп аталатын мақаласында толық жауап беріледі.

10 қысқа бөлімге бөлінген мақалада соғыстың басталғанынан бастап, жаулап алу жоспарына қатысты ең маңызды тарихи детальдар баянадалады. Сонымен қатар әр бөлім түрлі тарихи дерекпен: фотосуреттермен, архивтік кадрлармен және карталармен толықтырылған.

Мақаланы толық оқу үшін сілтемені басыңыз.

Кеңестік мәдени эксперименттер Қазақстанды қалай өзгертті?

Кейінгі жылдары Қазақстан тарихын оқу, өздігімізді іздеу, кімдігімізді – айдентикамызды табуға ұмтылу – елде болып жатқан ең қызықты әрі ең құнды үдеріс деуге болады. «Кіммін?» деген адам әуелден тарихты оқуға ұмтылары анық. Дәл осындай сұранысы барлар үшін, тарихты, бүгінгі Қазақстанның дәл осындай болып қалыптасуына не түрткі болғанын білгісі келетін ізденімпаз оқырман үшін Qalam порталының редакциясы тарихшы Нари Шелекпаевпен сұхбат жазып, «Кеңестік мәдени эксперименттер Қазақстанды қалай өзгертті?» деген сұраққа жауап іздеген.

Сұхбатта 1930–1940 жылдары Қазақстан мәдениетін «кеңестендіру» не үшін қажет болғаны, бұдан төл мәдениетіміз нендей зарар көргені, кеңестік мәдени саясаттың артықшылығы мен кемшіліктері, сол замандағы қазақ тілінің қолданыс қандай болғаны жақсы талқыланған. Сонымен қатар тарихшы үнемі тарихты қазбалап, зерттей берудің неліктен маңызды екенін де түсіндіруге тырысқан.

Тарихшы айтқан тың ақпаратпен танысып, оның 20 ғасырдағы оқиғаға қатысты эксперттік көзқарасын оқу үшін сілтеме арқылы порталға өте аласыз.

Бұхара қазақтарының өмірі

Qalam-да өткен аптада өте қызық материал жарық көрді. Өркениеттің отаны саналатын, ежелгі салт-дәстүрлердің бесігі, әртүрлі идеологиялар, мәдениеттер мен наным-сенімдер тоғысқан жер, шығыстық колорит сақталған аумақ — Орталық Азия ертеден алыс-жақыннан ат арылтып келген саяхатшылардың қиялына қанат бітірген. Бұл жерге шабыт іздеп баратындар күні бүгінге дейін көп. Бұхара – бүгінде Орталық Азиядағы туристер ағыла баратын жерлердің алды болып тұр. 

Ерте заманнан-ақ шабыт сыйлайтын мекен айналып кеткен осы шырайлы жерді жырына қосқандар өздерінің жарқын жазбалары мен ой толғауларында бұл аймақтың шулы базары, көшпелі ғұрпы мен мәдени мұрасын шебер суреттейді. 

Qalam әртүрлі дәуірді қамтитын және аймақтың санқырлы болмысын ашатын әңгімелер мен естеліктерді жинап, негізгі деректерді оқырманға ұсынады.

Өткен аптада порталда Арминий Вамберидің жолжазбаларынан жинақталған тың деректер оқырман назарына ұсынылды. Арминий Вамбери (1832–1913) — венгр зерттеушісі, лингвист және түрколог, Орталық Азияға жасаған саяхаттарымен және түркі халықтарын зерттеуге қосқан үлесімен танылған. 

Вамбери 1865 жылы жазылған «Орталық Азияға саяхат» деп аталатын кітабында Бұхара хандығында кездескен қазақтар туралы қызық сипаттама келтіреді.

«Бұхара хандығында өздері атайтындай қырғыздар немесе қасақтар өте көп емес, бірақ соған қарамастан, біз сан жағынан ең маңыздысы және Орталық Азия халықтарының ішінде ерекше көшпелі өмірі бар халық туралы бір ауыз сөз айтамыз. 

Мен сапарымда жеке қоныстарды жиі кездестірдім, олардың саны туралы сұрағыма олар: «Алдымен даладағы құмды сана, сосын бізді — қырғыздарды санарсың» деп күлетін. Дәл солай олардың шекарасын анықтау мүмкін емес. Олардың Сібір, Қытай, Түркістан және Каспий теңізінің аралығындағы Ұлы далада тұратынын ғана білеміз және бұл кеңістіктер өздерінің әлеуметтік құрылымына орай қырғыздарды орыс яки Қытайдың меншігіне жатқызудың қателік екенін анық дәлелдейді. Ресей, Қытай, Қоқан, Бұхара және Хиуа қырғыздарға олардың кеденшілері көшпенділер арасында өмір сүрсе ғана иелік етеді».

Мақалада автордың қазақтардың музыға мен поэзияға бейімі жайлы, салт-дәстүрлері мен өзге де ерекшеліктері туралы баяндалады.

Бұхара – өз бетінше өте ерекше тақырып, ал ол жақта атам заманнан өмір сүрген жергілікті қазақтар туралы білу кім-кімге болса да, қызық болатыны анық. Толық оқимын десеңіз, сілтемені басыңыз.