Автонарықтағы жаңа тренд: қазақстандықтар ескі көліктерден жаңаға көше бастады

Жарияланды 9 Ақпан 2025 17:49

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Тиімді бағада жаңа көлік алу жолдары қандай? / Коллаж: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

2024 жылдың қорытындысы бойынша қайталама автонарықтағы сауда көлемі өткен жылғы көрсеткіштермен шамалас болды. Ал тізгінделген автокөліктердің бағасы төмендеді. Бұл жаңа автокөліктер нарығындағы ұсыныстың сандық және сапалық тұрғыдан кеңейгенін көрсетеді.

2024 жылы ресми дилерлер жаңа жеңіл автокөліктерді сатудан рекорд орнатып, 200 мыңнан астам  темір тұлпар өз иесін тапты. Дилерлердің мұндай жоғары көрсеткіш тіркеуіне екінші деңгейлі банктермен бірлескен тиімді қаржылық құралдар көмектесті. Көлік сатып алушылар үшін бастапқы жарнасыз немесе жеңілдетілген мөлшерлемемен автонесие, сондай-ақ бөліп төлеу мүмкіндіктері ұсынылды. Бұған қоса, Наурыз, Жаңа жыл сынды мерекелердің қарсаңында немесе модельдік қатар жаңарғанға дейін дәстүрлі түрде жеңілдіктер жасалып отырғаны тағы бар.

Сарапшылардың пікірінше, ресми дилерлік орталықтардың көптеген тиімді ұсыныстары мен жеңілдіктері қайталама нарықтағы сатылымдардың төмендеуіне себеп болды. Әсіресе, 10 млн теңгеге дейінгі ең сұранысқа ие баға сегментінде осындай үрдіс тіркелді. Аталған категорияда ұсынылған қытайлық брендтер ескі көліктермен бәсекелесе бастады. Бұл үрдіс 2023 жылы байқалып, 2024 жылы жалғасын тапты.

ІІМ деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 1 487 мың жеңіл автокөлік («B» категориясы) қайта тіркеуден өтті. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 90 мыңға аз (-6%),. Сол тұста 1 577 мың көлік қайта тіркелген болатын. Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығы сарапшылары да қайталама автонарық тұралап тұрғанын атап өтуде (әзірге тек үш тоқсанның статистикасы бойынша). Олардың деректері бойынша, 2024 жылдың тоғыз айында 803 мың автокөлік қайта рәсімделген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей.

«Қайталама нарықтағы транзакциялар саны 2020–2022 жылдардағы «турбуленттіліктен» кейін қалыпқа келді және алдағы уақытта ол біраз төмендеуі мүмкін. Себебі ресми дилерлер бағасы 10 млн теңгеге дейінгі модельдерді көптеп ұсынады. Неліктен сатып алушылар ескі көлікке қарағанда, жаңа көлікті сатып алуға тырысады? Өйткені мұндай жағдайда кейінге қалдыру, бөліп төлеу, субсидияланған несиелер және басқа құралдардың көптеген нұсқалары бар», – дейді Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян.

Тізгінделген көліктердің бағасы қалай өзгерді?

Қайталама нарықтағы сатылымдардың өсуіне не кедергі? Сарапшылар мұны сатушылардың жоғары баға белгілеуімен байланыстыруда. 2021–2022 жылдары жаңа көліктердің жеткізілуіндегі қиындықтарға байланысты кейбір брендтердің, әсіресе, еуропалық маркалардың, қайталама нарықтағы бағасы күрт өсті. Кейбір ескі көліктер тіпті арзандаудың орнына қымбаттай түскен еді.

Мысалы, Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығының дерегінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Mercedes-Benz маркалы қолданыстағы көліктердің бағасы 221%, BMW – 158%, Audi – 107%, Volkswagen – 100%-ға өсті. Алайда жаңа автокөліктердің тапшылығы бәсеңдеген соң, қайталама нарықтағы бағалар біртіндеп төмендей бастады. Бірақ айтарлықтай емес.

Mycar желісінің статистикасына сәйкес, 2024 жылы олардың платформасында сатылған ескі көліктердің орташа бағасы 14 млн теңгеден 12 млн теңгеге дейін төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріске жаңа көліктер нарығына жаңа ойыншылардың кіруі ықпал еткен. 2023–2024 жылдары қазақстандық автосалондарда ресми түрде Kaiyi, Jetour, Omoda, Tank, Skoda секілді брендтер сатыла бастады.

Қай брендтер қайталама нарықта күрт арзандады?

Mycar желісі нақты брендтерді атамағанымен, бағасы ең қатты төмендеген көліктер – жаңа автокөліктер тапшылығына тәуелділігі жоғары болған брендтер екенін атап өтті.

Кейінгі жылдары еліміздің қайталама автонарығындағы көшбасшылықты Toyota бренді сақтап келеді. Бұған дейін «Курсив» ҚАҚ-қа сілтеме жасап, Toyota-дан бөлек, ең танымал тізгінделген көліктер қатарында Lada, Hyundai, Mercedes-Benz, Volkswagen, Audi, Kia, Nissan, Mitsubishi және BMW бар екенін жазған болатын. Қытайлық брендтер әзірге ондыққа кірмейді және қайталама нарықта олардың үлесі өте төмен.

Қытайлық көліктерге қайталама нарықта сұраныс бар ма?

Жалпы алғанда «қытайлықтар» қайталама автокөлік нарығында өте аз ұсынылған. Kolesa.kz деректеріне сүйенсек, платформадағы барлық хабарландырулардың тек 3%-ы ғана оларға тиесілі.

Kolesa Group-тың CEO-сы Дмитрий Ботановтың айтуынша, танымал жапон, корей және қытай брендтерінің құндылығы бойынша үлкен айырмашылық байқалмайды. Мысалы, 2019–2021 жылдары сатып алынған Toyota Camry, Hyundai Tucson және басқа да танымал модельдер жыл сайын шамамен 20%-ға арзандайды. Ал Chery Tiggo шамамен 22%-ға құнсызданады.

«Қытай көліктеріне деген сұраныстың басқа елдердің көліктеріне сұраныстан еш айырмашылығы жоқ. Біз ұсыныстың сұраныстан сәл асып кеткенін көріп отырмыз, бірақ бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш емес», – деді Дмитрий Ботанов былтыр маусымда өткен KURSIV AUTO 2024 форумында.

Ботанов жапондық, корейлік және қытайлық брендтердің ең танымал модельдерін мысалға ала отырып, автокөліктердің саудасы туралы да айтты.

«Яғни, сұраныс пен пайдаланушы тәжірибесі жағынан қытайлық көліктер басқалардан түбегейлі ерекшеленбейді», – деп қосты спикер.

Mycar мәліметінше, 2024 жылы қытайлық брендтердің тізгінделген нұсқаларын сату жылдық есепте 40%-ға өскен.

«Бүгінде үрдіс айқын: жаңа қытайлық көліктер неғұрлым көп сатылса, олардың қайталама нарықтағы құны соғұрлым тұрақты бола түседі», – дейді Mycar өкілдері.

Алайда сарапшылардың пікірінше, алдағы бірнеше жылда қытайлық көліктердің тізгінделген нұсқалары ұзақтау сатылуы мүмкін. Сондай-ақ, бағасы дәстүрлі брендтерге қарағанда көбірек төмендеуі ықтимал. Себебі олар әлі де қайталама нарықта жаңа өнім ретінде қарастырылады.

«Бұл жағдай уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Бірақ бәрі білікті сервис пен қосалқы бөлшектердің қолжетімділігіне байланысты, ал бұл әр бренд үшін әртүрлі болуы мүмкін», – дейді Автонарықты мониторинг және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян.

Айта кететіні, 2025 жылдың соңында Қазақстандағы Made in China көліктерінің үлесі 45%-ға дейін артуы мүмкін. «Қазақстан автомобиль одағының» ақпаратынша, биыл Қазақстанда екі жаңа автозауыт іске қосылады. Нәтижесінде жергілікті нарықта тиімді бағадағы қытайлық автокөліктер артады.

Сондай-ақ оқыңыз