Meta компаниясы қызметкерлерін жаппай қысқартатыны рас па?
![Meta](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/2024-07-25-21.57.16-1024x714.jpg)
Meta Platforms (Facebook, Instagram және WhatsApp иесі) компаниясы келесі аптада жаппай жұмыстан шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен бірге машинамен оқыту инженерлерін жалдау процесін жеделдетпек. Бұл туралы компанияның ішкі жазбаларында айтылған.
Reuters таратқан ақпаратқа сүйенсек, жұмыс орнындарын қысқарту туралы хабарламалар 10 ақпанда күні таңертең жергілікті уақыт бойынша сағат 5:00-де, АҚШ-ты қоса алғанда, өзге елдердегі қызметкерлерге жіберіле бастайды, деп жазылған Meta-ның кадрлар бөлімінің басшысы Джанель Гейлдың бір жазбасында.
Германия, Франция, Италия және Нидерландыдағы қызметкерлер жергілікті еңбек заңнамасына байланысты қысқартудан босатылған. Сонымен қатар құжатта 11-18 ақпан аралығында Еуропаның, Азия мен Африканың бірнеше елдерінде де хабарламалар жіберіле бастайтыны туралы жазылған.
Meta компаниясының өкілі бұл ақпараттарға қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Өткен айда компания 5% «тиімсіз» қызметкерлерді қысқартуды және бос жұмыс орындарын ішінара толтыруды жоспарлап жатқанын растаған болатын. Meta компаниясы дүйсенбі, 10 ақпан күні, кеңселерді жабуды және бұрынғы массалық қысқартулардан кейін қосымша мәлімдемелер жасауды жоспарламайды.
Жұма күні жарияланған ішкі жеделхатта Meta компаниясының монетизация жөніндегі вице-президенті Пэн Фан қызметкерлерді машинамен оқыту инженерлері мен басқа да бизнестің маңызды мамандарын жылдам тартуға көмектесуге шақырған. Бұл процесс 11 ақпаннан 13 наурызға дейін жалғасатыны айтылған.
Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг 2025 жылы Meta AI виртуалды көмекшісі пайдаланушылар саны бойынша бәсекелестерін басып озатынын айтқан болатын. Мұндай оптимизм инвесторларды акция сатып алуға ынталандырып, Meta акцияларының бағасы өсті. Цукербергтің мәлімдемесінен кейін инвесторлардың Meta акцияларына деген қызығушылығы артты. Нәтижесінде постмаркетте акция бағасы 2%-дан астам өсім көрсетті. Кейбір сәттерде 4%-дық өсім тіркелгенін де атап өткен жөн.